Еліміздегі ауылшаруашылық саласы мамандарының негізгі ұстаханасы саналатын жетекші оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті биыл 90 жылдық белеске көтеріліп отыр.
Университеттің бүгінгі ұстанымы – мемлекетке жүк артпай, автономиялық басқару негізінде халықаралық байланыстарды күшейте отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде сұранысқа ие, озық біліммен қаруланған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау. Осы мақсатта оқу орны тиімді менеджментті қолдану арқылы зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін жүзеге асырып, әлемдік университет талаптары бойынша дамуда.
2001 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен оқу орнының жоғары ғылыми әлеуетті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп, университетке Ұлттық мәртебе берілген уақыттан бастап университетіміз Елбасы негізін қалаған айқын жолмен жүріп, биік белестерді бағындырып келеді. Бүгінде университет өзінің барлық ресурсын шоғырландырып, еліміздің аграрлық саласының бәсекеге қабілеттілігіне ықпал жасай алатын, ғылым мен білімнің, аграрлық-индустриялық дамудың инновациялық ортасының түпқазығына айналды.
Қазіргі уақытта оқу орнымыздың тоқсан жылдық тарихынан сыр шертіп, жеткен жетістіктерін баяндайтын, оның қалыптасып, дамуына ерекше ықпал жасаған зерделі ғалымдар мен бірегей тұлғалар жайында тағылымды кітаптар шығаруды қолға алған болатынбыз. Жақында университетіміздің соңғы жиырма жылында атқарылған еңбектерімізді саралап, «Елбасы жолымен» деп аталатын кітап шығардық. Бұл кітап егемен еліміздің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін топтамалы мақала-эсселерімен, сирек кездесетін фотосуреттерімен тартымды. Сонымен қатар бұл жинақ Елбасы жолымен айқын бағыт ұстанған университетіміздің тыныс-тіршілігін, ұжымның атқарып отырған келелі істерін, студент жастарымыздың білімге деген құлшынысын әйгілеуімен де құнды.
Жақында университетімізде ел зиялылары мен жастардың қатысуымен жаңа кітаптың on-line тұсаукесерін өткіздік. Тікелей эфирде ұйымдастырылған тұсаукесер шарасына «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының» директоры Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Диас Рахметұлы Есдәулетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Жылқышыбайұлы Әбдуалиев сынды азаматтар қатысып, «Елбасы жолымен» кітабының білім жолындағы жастарға беретін рухани өнегесі мол екендігін атап өтті. Шамалған ауылындағы Елбасы оқыған Қарасай батыр орта мектебінде «Елбасы музейін» ұйымдастырған ардагер-ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Шәйкенқызы Байқонысова ізгі ниетін білдіріп, ұжымға ақ батасын беріп, Елбасы туып-өскен өңірдің зиялылары мен жастары да онлайн байланысқа шығып, жаңа жинаққа қатысты өз ойларын білдірді.
«Елбасы жолымен» кітабы «Н.Назарбаев феномені» және «Н.Назарбаев: білім-ғылым және «Рухани жаңғыру» институты» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Елбасының тәуелсіздік бастауынан бүгінге дейінгі ел болашағын қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбегі баяндалса, екінші бөлімде университетте Елбасының тікелей қолдауымен іске асырылып отырған руханият бағытындағы өнегелі бастамалар мен ауқымды жобалар туралы жан-жақты баяндалған.
Егемен ел болудың күрделі құрылысын басқарып, жаңа да жас мемлекеттің іргесін қалыптастырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясат ауқымына «Қазақстандық даму моделі» ұғымын енгізді. Ел дамуына айрықша ықпал етіп отырған Елбасы саясатында ғаламдық деңгейдегі кемеңгер тұлғаға тән көрегендік қасиет жатыр. Міне, осы құбылысты әлемдік сарапшылар «Назарбаев феномені» деп атап жүр. Бұл – Елбасының даналық болмысы, болашаққа бағытталған саяси стилі, қоғаммен қарым-қатынас және стратегиялық басымдықтары арқылы қалыптасқан ерекше тұлғалық құбылыс. Сондықтан отаншылдық қасиет пен тәуелсіздіктің қадірін барынша бойына сіңіріп, Елбасының елдік жолындағы өрелі істері мен ерен еңбектерінен үлгі-өнеге алсын деген мақсатпен аталған кітап мазмұны арқылы кейінгі жас буынға «Н.Назарбаев феноменінің» қыр-сырын ашуға талпыныс жасадық.
Бүгінгі кезең болашаққа жаңа міндеттер қойып, қоғамның барлық саласына жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Жаһандану әлемінде өз келбет-кескіні мен ұлттық құндылықтарын сақтап қалатын, бәсекеге қабілетті, білімді әрі белсенді халық қана болашағына зор сеніммен қарай алатынын өмірдің өзі көрсетуде.
Қазақстан ширек ғасырдан астам уақыт аралығында ғасырға татитын жолдан өтті, осы кезеңде таңғажайып табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз мемлекет құру арманнан шындыққа ұласты. Өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміз үшін тәуелсіздік қасиетті ұғымға айналды. Біз үшін бұдан асқан бақыт, бұдан қымбат байлық жоқ. Сондықтан оны қадірлеп, қастерлеу – әр азаматтың борышы. Бұл қастерлі ұғымды жастардың бойына дарыту – біздің міндетіміз.
Елбасының білім, ғылымға қатысты ұстанымы, ауыл шаруашылығына қатысты бастамалары, әсіресе ауыл жастарының келешекке деген үміті мен сенімін ұялатты. Қазіргі уақытта ауыл жастары заманауи біліммен қаруланып, еліміздегі жоғары оқу орындарымен қатар, шетелдің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Туған тамырынан нәр алған осы жастардың легіне біз дұрыс бағыттағы білім мен тәрбие бере алсақ, олар келешекте біздің ұлттық потенциалымыздың негізгі көрсеткіші болатыны даусыз. Яғни ауылда туып, ата-баба салтынан ажырамай, дәстүрімізді дәріптеп, құндылықтарымызды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету – елдік мақсат болып отырғаны даусыз. Сондықтан ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын жүзеге асырған бүгінгі тәуелсіз ұрпақ Елбасы анықтап берген «Мәңгілік ел» идеясы төңірегіне жұмылуы тиіс.
Бүгінгі күні әлемдік сарапшылар бағамдаған «Н.Назарбаев феномені» қазақстандық даму мен патриотизм рухының қайнар көзіне айналды. Елбасының батыл қадамдары ішкі саясатта ел экономикасының қарыштап дамуына, сыртқы саясатта тәуелсіздігіміздің қауіпсіздігін нығайтуға негіз болды. Қай кезеңде де Елбасының ұстанған жолы, ұсынған саяси бағдары, мемлекеттік қайраткерлігі, жасампаздық және жаңашыл тұлғасы, Қазақстанды жаңғырту жолындағы күрескерлігі елімізді әлемдік дамудың үлкен биіктеріне жеткізіп келеді.
Ұлы даламыздың данасы, Түркі әлемінің Көшбасшысы ретінде халқының қамын ойлап, елдік мүдде жолында аянбайтын Елбасының кемеңгерлік болмысы мен көрегендік қасиеттері мемлекетіміздің дамуына зор ықпал етіп отырғаны сөзсіз.
Кітаптың «Н.Назарбаев: ғылым-білім және «Рухани жаңғыру» институты» деп аталатын екінші тарауында ұлттық зерттеу университетіне бағдар ұстанған оқу орнымыздың оқу-тәрбие және рухани өміріндегі күрделі үдерістер мен бетбұрысты сәттер баяндалады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының басты тұжырымдамалары негізінде университетіміздегі оқу-ғылыми бағыт пен тәрбие жұмысы қайтадан қарастырылды. Осы орайда университет Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып «Н.Назарбаев: білім-ғылым және «Рухани жаңғыру» институтын ашты. Басты мақсат – жастардың бойында патриоттық және саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған білім және тәрбие беру жұмыстарын жаңаша ұйымдастыру. Сол арқылы талантты және креативті жастарға қолдау көрсету мен олардың әлеуетін арттыру, қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік қағидасы мен жасампаз идеясын жан-жақты пайдалану арқылы жеке тұлғаны әлеуметтендіру және студенттер арасынан көшбасшы тәрбиелеу.
Елбасының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да рухани жаңғыру идеясымен үндес болғандықтан, бұл бағытты да кеңінен қамтуды қолға алдық. Қазіргі таңда «Назарбаев институты» аясында «Елбасы кітапханасы», «Таза планета», «Парасат» орталықтары, «Саналы ұрпақ» клубы, сатушысы жоқ «Адалдық алаңы», «Еріктілер орталығы» тиімді жұмыс атқарып келеді. Осының бәрі – бүгінгі жастардың ұлттық код пен тарихи түп-тамырын танып-білуі үшін іске асырылатын игі шаралар.
Қай кезде де оқу орнымыз Елбасы жолымен жүріп, мемлекет артып отырған үлкен сенім үдесінен шығу бағытынан танған емес. Бүгінгі күні университетіміз мемлекеттік саясат ұстанымдарына сүйене отырып, Елбасының нақты стратегиялық бағыттарына сәйкес жұмыс атқарып келеді. Университет түлектерінің басым бөлігі ауыл зиялыларының қатарын қалыптастыруға негіз болып, еліміз бен алыс-жақын шет мемлекеттерде кәсіби маман ретінде еңбекке араласуда.
Оқу орны тарихының әрбір кезеңі белгілі ғалымдар, оқытушылар мен студенттердің шығармашылық ізденісі, талмас күш-қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қалыптасқан. Жастарды тұлғалар арқылы тәрбиелеу ісіндегі тағы бір маңызды мәселе – тоқсан жылдық терең тарихы бар университетіміздің бастауында тұрған қайраткер ғалымдарымызды, оқу орнының дамуына серпін берген тұлғаларды зерттеп-зерделеп, олардың ізгі өнегелерін дәріптеу.
Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, оларды Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын тұлға ретінде қалыптастыру. Ұлы даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын азамат тәрбиелеу – парызымыз. Бұл ретте Елбасымыздың әр кездегі ерекше ойлары біздің жастарымызды жігерлендіріп келеді. Өйткені болашақта егемен еліміздің тұғыры берік болып, қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар, рухы биік, отансүйгіш жастар мен инновациялық технологияларды игерген білікті мамандар ғана биік белесті бағындыра алмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз сөзімен түйіндесек: «Біз – жолымызды дұрыс таңдай білдік. Бұған бүгінгі қолымыз жеткен нәтижелеріміз дәлел. Осы негізде өзіміздің ілгері басқан қадамдарымызды жеделдете түсуге тамаша мүмкіндігіміз бар. Қазақстанды әлемнің дамыған әрі көркейген елдерінің қатарына қосатын жол – осы».
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Басқарма төрағасы – ректор, ҰҒА вице-президенті, академик, Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/239405-elbasy-dgolymen