Sat, 05/30/2020 - 19:10
Новости

Қазір Қазақстанда жаңартылған энергия көздерін өндіретін 90 нысан бар. Соның 30-дан астамы – күн электр станциялары. Жалпы «Жасыл» экономикаға өту концепциясы бойынша Қазақстанда баламалы энергия көздерінен алынатын қуат көлемі 2020 жылы 3%, ал 2030 жылы 10% жетуі тиіс. Мемлекет басшысы Ақмола облысы, Целиноград ауданына жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ғана іске қосылған күн электр станциясын аралап көрді. Сондай-ақ Президент егіс алқабын да барлады. Нұра. Қуаттылығы 100 МегаВатт болатын күн электр станциясы. Қазақстанда ғана емес, тұтас ТМД төңірегінде ірі станция саналады. Биыл іске қосылған нысан жылына 148 млн киловатт сағат электр қуатын өндіреді. Станцияның құрылысына 30 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Боранбай Жаркенов, серіктестік директорының орынбасары: - Жоба ресейлік «Хевел» компаниялар тобының инвестициялық қаржысына салынды. Компанияның инновациялық шешімдерді жүзеге асыратын технологиялық орталығы, сонымен бірге фотоэлектрлік модульдерді өндіретін зауыты мен күн электр станцияларын салу мен пайдалануды жобалау бойынша тәжірибесі бар. Құрылыс жобасын салу барысында компания гетероқұрылымды екі жақты күн модулі секілді инновациялық технологияларды пайдаланды. Мемлекет басшысы Қазақстандағы жаңартылған қуат көзін пайдаланудың сөйтіп «Жасыл» экономикаға өтудің маңыздылығын атап өтті. Ақмола облысы – астықты аймақ. Қатты бидай түрін шетке шығаратын негізгі экспортер өңірлердің бірі. Дәл қазір алқаптарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Биылғы жаздық егіс аумағы 5 млн гектарға жуықтайды. Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі: - Бүгінгі күнге дейін егіс жұмыстырының 86% аяқталып, 4 млн астам дақылдар егілді. Оның дені – дәнді дақылдар. Мемлекет берген субсидияның арқасында элиталы тұқымдарды егу 43% артты. Демек, биыл 400-425 гектарға осы тұқымдарды егеміз. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең-Дала» ЖШС ауыл шаруашылығы алқабын аралап көрді. Шаруашылық жаңа технологияларды қолданып келеді. Соның арқасында былтырғы құрғақшылықтан да аман шықты. Бидайды бергісі Ресей, арғысы Италияға экспорттайды. Тимур Пшенов, кәсіпкер: - 12 жыл бұрын мал өсіруді де қолға алдық. 40 бас ірі қара малдан, 40 жылқыдан бастап едік, қазір етті ірі қараның саны 1200-ге жетті. 780 жылқы бағып отырмыз. Жыл сайын елордаға 100 тоннадан артық ет жібереміз. Мемлекеттік қолдауы орасан. Бұл салада жұмыс істейтін адамға бәрі бар. Мен 80 гектар аумақтан бастадым, бүгінгі күнге дейін дақылдар егісін 700 есеге арттырдым. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Атын атамай-ақ қоялық, бірақ өзге мемлекеттерден қарағанда біз тауар өндірушілерге өте жақсы қолдау көрсетіп келеміз. Тек оны суатты әрі тиімді пайдалана білуі керек. Жұмыс істеу керек. Ауыл шаруашылығы ғылымы. Бізде кенже қалып қойған салалардың бірі. Оның жайын Президент министрден сұрап білді. Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: - Біздің ауыл шаруашылығы ғылымы кішкене тоқтап қалды. Қазір институттар жақсы жұмыс жүргізіп жатыр, шетелдік университеттермен бірігіп, Сіздің тапсырмаңыз бойынша екеуінің базасында зерттеу институтын құрып жатырмыз. Бұл ретте тынымсыз әрі нәтижелі жұмыс істеп жүргендердің бірі – Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы. Орталықтың ғалымдары әзірлеген элиталық тұқым Президентке таныстырылды. Кенже Абдуллаев, А.Бараев атындағы ғылым орталығының бас директоры: - Биыл ғана шыққан қатты сорттың бидайы бар. Біздің орталықтың сорттары Қазақстанның үш аймағында 4,8 млн ауқымын алып отыр. Жылдан жылға алқаптарды жаңа сорттармен ауыстырып жатырмыз. Өңірде кірпіш өндіретін 9 кәсіпорын бар. Соның бірі – «Аstana Сeramic» кәсіпорны. Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған қазір сапалы керамикалық тас пен кірпіш өндіруден аймақта алда тұр. Әрине, мемлекеттің көмегінсіз емес. Президентке қолдау шаралары туралы айтылып, құрылыс материалдарын өндіру технологиясы таныстырылды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құрылыс қарқыны, жұмыспен қамту мәселелрі жайында баяндады. Мемлекет басшысы өңірдегі барлық құрылыстың сапасын қадағалау қажеттігін тапсырды. Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Дулат Ентебеков

Источник: https://khabar.kz/kk/news/sayasat/item/125334-kasym-zhomart-tokaev-kun-elektr-stantsiyasyn-aralap-kordi