Sat, 04/25/2020 - 00:54
Новости

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы 30 наурыздан бастап бүгінге дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 52 онлайн кеңес өткізді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» әр уақытта тауар өндірушілерді ғылыми сүйемелдеу арқылы елімізде өнімнің мол болуы үшін қызмет етуде. Баршаңызға мәлім, біздің алдымызға маңызды міндеттер қойылған, оның ішінде саладағы еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыруға тиіспіз. Айта кету керек, ауыл шарауашылық саласындағы еңбек өнімділігі басқа салаларға қарағанда ерекше саналады. Бұған көбінесе тұқымның сапасы, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғайтын заттардың сапасы және технологияларды толығымен қолдану ерекше әсер етеді. Өнімнің мол шығуы үшін тер төгетіндердің бірі – аграрлық ғылымдар. Климат пен жердің жағдайына қарап ғылыми негізделген болжам жасайтын ғалымдар көктемгі дала жұмысы кезінде диқаншылармен қатар жүріп еңбек етуде», - дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков Оның айтуынша, биыл көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін топырақ жағдайы, егістік түрі мен өңірдегі климатты ескере отырып «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» ғалымдары 100-ден астам ұсыным жасап, жергілікті органдардың қолдауымен фермерлер арасына таратты. «Биылғы жылдың ерекшелігін ескере отырып, диқандар жұмысын ғылыми сүйемелдеу мақсатында Ұлттық орталық жоспарлаған барлық семинарлар вебинар және онлайн кеңес түріне көшірілді. Біздің орталық 30 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге 52 онлайн кеңес өткізді. Аталған кеңестердің үшеуі – халықаралық деңгейде, шетел мамандарының қатысуымен, ал 40 онлайн кеңесті Ұлттық орталықтың еншілес ұйымдары өткізді. Бұл онлайн шаралар 60 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Фермерлер тарапынан қызығушылық өте жоғары. Эфир барысында келіп түскен сұрақтар сарапталып, тиісті сала ғалымдары немесе министрлікке жолданды. Біз онлайн кеңесті осы жылдың 30 маусымына дейін үзбей өткізуді жоспарлап отырмыз. Барлығы 430-ға жуық кеңес өткізбекшіміз. Онлайн кеңестер тікелей эфирде дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері өтуде», - дейді ол.

 

Источник: https://www.inform.kz/kz/agrarlyk-galymdar-dikandarga-arnap-52-onlayn-kenes-otkizdi_a3642451