Биыл еліміздің астық егетін аймақтарында топырақ ылғалы оңтайлы деңгейде. Біздің есептеуіміз бойынша, орташа көпжылдық ауа райы жағдайында осы ылғал егін себу кезеңінен кейін шамамен 20-25 күнге, яғни маусымның соңына дейін жетпек. Бұл өз кезегінде жақсы өсімнің болуына тамаша мүмкіндік, оған қоса, маусымның аяғы мен шілденің басында жауын-шашын жеткілікті мөлшерде болса, игі нәтиже күтуге әбден болады.
Қазақстанның орталық әрі солтүстік аймақтарында өткен қыс салыстырмалы түрде жұмсақ, температуралық жағдайы әдеттегіден мейлінше жоғары болды. Бұл егін егу жұмыстарына ертерек кірісу қажеттігін байқатады. Басты міндет – ылғалды сақтау әрі арамшөптермен күресу.
Жаздық бидай және жалпы дақылды себудің тиімді мерзімі жаздағы жауын-шашынға тікелей байланысты. Егер маусымда жауын-шашын мол болса, егін себудің ерте мерзімі (5-15 мамыр) егіннің шығымдылығы мен бидайдың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Жазғы жауын-шашын үлесі тамызға тиесілі болған жағдайда, мамырдың соңында себілген егіннен ғана жоғары өнім мен сапаны күтуге болады. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда жаз мезгіліндегі жауын-шашынның жауу мөлшерін мысал ретінде алсақ, орта есеппен 1961-1995 жылдардың 18%-ы жазғы маусымдағы жауын-шашынның түсуінің басымдылығы болса, жылдардың 36%-ы – шілдеде, 21%-ы тамызда байқалды және жылдардың 25%-ы жазғы жауын-шашынның басымдылығы байқалмады. Сол себепті бұл жылдары егінді 20 мамыр – 4 маусым аралығында сепкен тиімді болды. Ал кейінгі 23 жылдағы жағдай келесідей: жылдардың 24%-ы жазғы маусымдағы жауын-шашынның түсуінің басымдылығы, 48%-ы шілде, 13%-ы тамыз айында байқалды, жылдардың 15%-ы жазғы жауын-шашынның түсуінің басымдылығы байқалмады. Осылайша, соңғы кезде жазғы жауын-шашынның басым бөлігі шілдеде түскені байқалады, сондықтан егін себу науқаны 17-18 мамыр – 4 маусым аралығында жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға бағытталған факторлар арасында сұрыпты дұрыс таңдау және тұқым сапасы ерекше орын алады. Егін шығымының 30-40%-ы осы факторға тікелей байланысты екенін ұмытпаған абзал. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарының 24 тұқым шаруашылығында ғалымдарымыз жасаған сараптама нәтижесі көрсеткендей, тексерілген барлық үлгіде спора тасушылық бактерия мен саңырауқұлақ патогені тұқымдығының жоғары екені анықталды. Өкінішке қарай биыл тұқым материалының басым бөлігінің өсу қуаты төмен. Агроном мамандар арасында: «Барлық қырынан сұрыпталған, ал өсу қуаты төмен тұқымды толыққанды деу қиын» деген қағидат бар. Тұқымдық материалдағы мұндай кемшіліктерді жою білікті тәсілді талап етеді. Мұнда ауа жылуымен қыздыру, дәрілеу сияқты дәстүрлі шаралармен қатар, өсуді ынталандырғыштармен өңдеу қажет. Біздің университет шаруашылық субъектілеріне тұқымдық материалдың сапасын тереңдете зерттеуге қажетті барлық кеңес беру көмегін көрсетуге дайын, бұл үшін тиісті зертханалық базамыз және жоғары білікті ғалымдарымыз жеткілікті.
Елімізде отандық селекцияның сапалы сұрыптарының жетіспеуі салдарынан оны сырттан, ең алдымен Ресейден әкелуге мәжбүрміз. Осы себепті қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы ресейлік селекцияның жаздық бидай сұрыптарының үлесі 60%-ға жетіп отыр. Аталған жағдай еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, табиғи-климаттық бейімделмеген жағдайда шеттен әкелінген тұқымның базалық сипаттамасының өзгеруіне әкеліп соқтырады, яғни мұндай сұрып тұқымының пісіп жетілу мерзімі шамадан тыс созылып кетеді. Мұндай мәселенің белең алуы астық жинау мерзімін кейінге шегеруге әкеледі, ал бұл өз кезегінде климаттың өзгеруі салдарынан егістікті жинап үлгермей, қардың астында қалдырудың бірден-бір себебі болмақ. Өкінішке қарай бұл соңғы жылдары үйреншікті жағдайға айналып отыр.
Біз отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселелеріне немқұрайды қараудың келеңсіз салдары туралы үнемі айтып келеміз. Осы саланы ғылыми тұрғыдан дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету әрі реттеу шараларын күшейту, селекциялық жұмыстарға гендік инженерияға негізделген заманауи әдістерін кеңінен енгізу, зерттеудің аталған әдістерін игерген жас ғалымдарды даярлау қажеттігін бірнеше мәрте ұсындық. Алайда бұл мәселелердің бәрі шешімін күтіп тұр, ал салдары эскпорттық әлеуеттің жойылуына ғана емес, елімізді отандық ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде де кері әсерін тигізетіні анық. Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың арнайы республикалық бағдарламасын қабылдау және іске асыру дұрыс болар еді.
Биылғы күзгі-қысқы мезгілдің табиғи ерекшеліктері ауру қоздырғыштары мен өсімдік зиянкестерінің топырақта сақталуына қолайлы жағдай жасады. Сондықтан барлық жерде күрделі фитосанитарлық жұмыстар қажет. Мұндай жылдары септориоз және өсімдіктер таты ауруы жаппай дамып, таралады. Осыған орай жоғарыда аталған және басқа да ауруларға қарсы тиісті препараттармен алдын ала қорлану дұрыс болар еді. Сондай-ақ өңдеу мерзімдерін дұрыс таңдау да аса маңызды. Бұл мәселеде аурулардың даму кезеңдерін анықтаудың дәстүрлі әдістерімен қатар, егіс алқаптарын қашықтан зондтауға негізделген жаңа цифрлы технологиялардың көмегіне сүйену қажет. Сонымен қатар мұндай әдіс аурулардың даму сатылары мен зиянкестердің таралуын жедел анықтап қана қоймай, уақытты, қаражат пен ресурстарды барынша үнемдеуді көздейтін дәл өңдеуді қарқынды жүргізу үшін сол алқаптардың шекарасын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта университетіміздің шаруашылық субъектілерімен жақсы жұмыс тәжірибесі бар.
Минералды тыңайтқыштарды қолдануда ең жоғары нәтижені ылғалды жылдары алуға болады. Алайда минералды тыңайтқыштарды қолдануға әрбір алқаптың агрохимиялық жағдайын ескере отырып, сауаттылықпен келу керек. Қазіргі уақытта барлық дамыған елде дәл егіншілік жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде минералдық тыңайтқыштарды саралап қосу қолданысқа енгізілуде. Біз де минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың осындай әдісіне көшуіміз керек, себебі ол ресурстарды ұтымды пайдаланудың және ең жоғары өндірістік және экономикалық нәтиже алудың негізі болып табылады. Бұл үшін, ең алдымен, әрбір егістік алқабының нақты агрохимиялық картасын жасап, топырақтағы негізгі химиялық элементтердің әркелкі мөлшерінің деңгейін анықтап алу қажет. Біздің университет шаруашылық субъектілеріне топырақтың химиялық құрамын анықтауға және соның негізінде агрохимиялық карта жасауға барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын. Оқу орнына еуростандарт бойынша жабдықталып, аккредитацияланған Қазақстан-Германия топырақ-агрохимиялық зертханасы да бар.
Қорытындылай келе, біздің университеттің биылғы жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қатысты Солтүстік және Орталық Қазақстанның әр облысы бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар әзірлегенін атап өткім келеді. Бұлар өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге басшылыққа алу үшін жіберіледі.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/229829-egistik-dgumystaryn-uyymdastyrudynh-erekshelikteri