вт, 03/17/2020 - 17:46
Новости

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2020 жылғы көктемгі-егіс жұмыстарына дайындық барысы талқыланды.  Селекторлық режимде өткен жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздегі егіс науқанының жоспары, тұқым сапасы мен ауыл шаруашылығы техникасын дайындығы және отын қоры туралы баяндады. Сондай-ақ, тұқым шаруашылығын қолдау және тұқым тазалайтын техниканы сатып алу үшін инвестициялық субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

С.Омаровтың айтуынша,  республика бойынша егіс алқабы ағымдағы жылы 22,5 млн га құрайды , бұл 2019 жылға қарағанда 238 мың гектарға артық. Бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдар алаңы өткен жылмен салыстырғанда 193 мың га азайған, ал майлы дақылдар керісінше, 122,2 мың га (барлығы 3 млн га) көп. Бұл Мемлекет басшысының егіс алаңдарын әртараптандыру мен рентабельділігі жоғары дақылдар өндіруге көшу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Сондай-ақ, биылғы жылы көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың болжамды көлемі 19,3 мың гектарға, мал азығы – 309 мың гектарға ұлғаяды.

«Қазіргі кезде оңтүстік өңірлер егіс науқанына кірісіп кетті, мәселен, Жамбыл облысында 72 мың га алаңға немесе жалпы егіс көлемінің 10,2 %, Түркістан облысында 33,5 мың га (4,0%), Алматы облысында
3,4 мың га (0,4%), Қызылорда облысында 2,0 мың га (1,1%) алаңға егіс егілді» - деді ҚР АШМ министрі Сапархан Омаров.

Қазақстанда егіс науқанын жүргізу үшін 2,5 млн тонна сапалы тұқым дайындалды (жоспардың 100,4%), оның ішінде дәнді дақылдар – 2 млн тоннаға жуық (жоспардың 101%), майлы дақылдар – 89,5 мың тонна (жоспардың 99%), жем-шөп – 15,7 мың тонна (жоспардың 95%), картоп – 430 мың тоннаға жуық (жоспардың 99%).

Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарында тұқым толық көлемде себілмеген.

Егіс науқаны басталғанға дейін аталған облыстарда тұқымдардың жетіспейтін көлемін облыс ішінде, республиканың басқа облыстарынан тұқым сатып алу және импорт есебінен толықтыру жоспарлануда.

Республикада көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жоспарлы түрде жүргізілуде. 

Бүгінгі күні республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде 143 мың трактор, 4 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 78 мың тұқымсепкіш және 243 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша тракторлардың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы 82%-ды, егіс кешендері – 100%-ды, тұқым сепкіштер – 93 %-ды, топырақ өңдеу құралдары – 95 %-ды құрайды. Егіс науқаны басталғанға дейін барлық техника дайындығы 100%-ды құрайды.

«Егіс жұмыстарын жүргізуге Энергетика министрлігінің келісімі бойынша 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ауа райының күрделі жағдайларын ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша 10 мың тонна бөлуді ұсынды, бұл барлық өңірлердің дизель отынына деген сұранысын толық жабуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта аймақтарда операторлармен шарт жасасып, бөлінген отын көлемі үшін ақы төленуде», - деді С.Омаров.

Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін  қолдау үшін республикалық бюджеттен 70 млрд. теңге бюджеттік несие бөлді.  Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 10 млрд. теңгеге жоғары. Түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-дан аспайды.

Шаруаларға несие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ екінші деңгейлі банктердің, кредиттік серіктестіктердің, өңірлік инвестициялық орталықтар мен микроқаржы ұйымдарының кепілдігі арқылы тікелей берілетін болады.

Аграрлық несие корпорациясының қаржыландыруы арқылы  3 млн. га алаңда егіс салатын, жалпы саны 2 400 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие беру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта 56 млрд. теңге сомасына 1 516 өтінім қабылданды, 22,9 млрд. теңге сомасына 1,4 млн. га алаңды қамтитын 258 өтінім қаржыландырылды.

Жалпы алғанда Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2020 жылғы көктемгі - егіс жұмыстарына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарын жаппай жүргізу басталғанға дейін барлық бағыттар бойынша дайындық 100%-ды құрайды.

"Сонымен қатар, облыс әкімдіктеріне тұқымдардың сапалық көрсеткішіне, олардың сорттық және егістік сапасына ерекше назар аудару қажет. Жергілікті билік органдарына тұқымдық материалдың егіс сапасын дер кезінде тексеруді ұйымдастыруды және тұқымдарды дайындау мен дәрілеу жөнінде қажетті шаралар қабылдауды ұсынамыз. Шаруаларды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз ету мақсатында субсидиялардың тізбесі мен нормаларын бекітуді жеделдетуді ұсынамыз", - деп атап өтті министр Сапархан Омаров.

____________________

Анықтама ретінде: Солтүстік және орталық өңірлерде жаздық дәнді дақылдарды егу 15-30 мамыр аралығында, батыс және оңтүстік өңірлерде сәуірдің үшінші онкүндігінде және мамырдың бірінші онкүндігінде, шығыс өңірде: таулы аймақта 30 сәуірден 25 мамырға дейінгі аралықта, құрғақ дала аймағында 15-25 мамыр аралығында жүргізіледі. Солтүстік өңірде майлы дақылдарды егу 20-25 мамырда, орталық, батыс және шығыс өңірлерде 5-15 мамыр аралығында, Павлодар облысында 1-15 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Көп жылдық шөптерді егу қар ерігеннен кейін ерте көктемде барлық жерде жүргізіледі.

Ақпарат көзі: http://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/ministr-selskogo-hozyaystva-podgotovka-k-posevnoy-2020-vedetsya-v-planovom-rezhime?lang=kk