чт, 02/13/2020 - 10:18
Новости

Агросектордың азабы жеңілдей ме?

Ресми дерек бойынша, бүгінгі таңда еліміздің дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің 35 пайызы – импорттық өнім. Соңғы үш жылда азық-түліктің бағасы 30 пайыздан артық қымбаттады. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев «Ауыл шаруашылығы талай эксперимент жүргізілген, көп азап шеккен сала» екенін тілге тиек етіп, саланың ІЖӨ-дегі үлесі 4,5 пайыздан аспайтынын сынады. Қысқасы, аграрлық сектор ел экономикасының драйверіне айналуға тиіс деген межелі міндеттің әзірге орындалар түрі көрінбейді. Былтыр қазан айында Президент «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіп кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Салаға серпін беруге тиіс құжатта қандай мәселелер қамтылды? Нендей артықшылықтары, тиімді тұстары бар? Соған тоқталып көрейік.

Министрліктің мәліметінше…

2017-2021 жылдарға арналған Агро­өнеркәсіп кешенін дамыту бағ­дар­ламасында саладағы еңбек өнім­ділігі мен экспорт көлемін 2 жарым есе ұлғайту жоспарланып отыр. Қа­зан айында қол қойылған құжатта осы міндетті іске асыру үшін қажетті өзге­рістер енгізілді. Сөйтіп, бас-аяғы 13 кодекс пен 29 заңға 800-ден ас­там түзету енгізілді. Мәжілісте 345 түзету қарастырылып, қосымша тағы 500-ге жуық өзгеріс жасалды. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл құжатқа енгізілген бас­ты өзгерістердің бірі қаржыландыру құралдарын жетілдіру мен жаңа тетік­тер қосуға байланысты.

– Қазіргі міндетті сақтандыру жүйе­сі 15 жыл бұрын енгізілген. Бұл өсім­дік шаруашылығын сақтандыру көлемін ұлғайтуға тиіс болатын. Өкі­нішке қарай, бұл міндет орындалмады сақтандырылған егістік алқаптар азайды, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер алатын сақтандыру тө­лем­дері өндіріс шығындарын жап­пайды. Осыған орай міндетті сақтан­дырудан ерікті сақтандыруға көшу, сақтандыру сыйақысын субсидиялау енгізілді, – дейді вице-министр.

Тағы бір маңызды өзгеріс – жеміс да­қылдарына қауіпті ауру түсіп, өнім күйіп кеткен жағдайда мемлекет тарапынан бағбандардың бақша егуге кеткен шығынының жартысы субси­дияланады. Бұрынғы заңда бұл қа­растырылмаған-ды. Сонымен қа­тар өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін қолданылатын заттарды бағбандардың сатып алуын мемлекет қолдап, шығын­ның тең жартысын көтеріп алады. Фито­санитарлық және карантин шараларына жұмсалатын шығынды да мемлекет пен диқан бірлесіп көтереді. Бұрын тек гербицидтер субсидияланса, енді инсектицидтер мен фунгицид үшін субсидия ұсынылады. Тоқетеріне келсек, өсімдік шаруашылығын зиянкес жән­діктерден, аурулардан қорғауда мем­лекеттің қолдау аясы кеңейді.

– Ауылшаруашылық саласына инновация енгізу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бизнестің шығынын субсидиялау қарастырылды. Бұл тетік іске қосылғаннан кейін алдағы уақытта қолданылатын, бизнестің сұ­ранысына ие зерттеулер ғана жүр­гізіледі. Бүгінгі таңда АӨК-тегі ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­­трукторлық жұмыстар бюджет қар­жысына ғана жүргізіледі, ғылы­ми зерттеулерді мемлекеттік органдар іріктеп алады. Бұл бизнестің сұра­­нысына жауап бермейді, – дейді А.Сапаров.

Ауылшаруашылық бизнесінде жай­лы ахуал қалыптастыру үшін әкім­­­шілік кедергілерді азайтуға да осы құжатта маңыз берілген. Әсіресе ас­­­тық қабылдау кәсіпорындарына темір жол тармақтарын беру, жарма өн­ді­руге, майлы дақылдарды өңдеу мен өткізуге жағдай жасалмақ. Кейбір кәсіп­­орындарға арамшөптен бүлінген ши­кі­заттарды тазалайтын технология­ны қолдана отырып, өнімді қайта өң­деуге мүмкіндік беріледі.

Бір атап өтерлігі, жаңа заңдағы өзгерістер Жер кодексін де қамтыды. Атап айтқанда, мемлекеттік шека­ра бойында орналасқан жер телім­дерін азаматтығы жоқ адамдарға, ше­тел­дік заңды тұлғаларға, сонымен қатар шетелдіктердің қатысы бар қазақ­стандық заңды тұлғаларға пай­­далануға тыйым салынды. Ауыл­шаруашылық мақ­саттағы жер телім­дерін тиімді пайдалануды бақылау те­тіктері өзгерді, енді бұл жұмысқа ғарыш түсірілімдері қолданылмақ.

– Жаңа заңда орман шаруашылығы мен мал шаруашылығын, су ресурстарын пайдалану мәселелерін жетілдіру бойынша бірқатар норма енгізілді, – дейді А.Сапаров.

 Сарапшының сөзіне сенсек...

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» КеАҚ Басқарма төрағасы Төлеу­тай Рақымбековтің айтуынша, жаңа құжат­ты әзірлеу жұмысы 2016 жылы басталған-ды.

– Агроөндіріс кешенінің 5 жылдық даму бағдарламасын жасауға сарап­шы ретінде біз де шақырылған болатынбыз. Талқылау барысында бұ­рынғы заңдарға заман талабына сай өзгерістер енгізу керегіне көзіміз жет­­ті. Сөйтіп, 2016-2017 жылдары жаңа заң жобасы әзірленді. Парламенттің тө­­ме­нгі палатасына ұсынған кезде
13 кодекске, 30-ға тарта заңға өзгеріс ен­гізуге тура келді. Агроөнеркәсіп ке­ше­німен Жер кодексі, Су кодексі және Орман шаруашылығы кодексі тіке­лей байланысты. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы, астық шаруашылығы, мақта шаруашылығы, ауылдық елді мекендерді дамытуға және басқаларына қатысты 15-ке тарта заң да Агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіне қатысты. Соның бәріне өзгеріс енгізілді, – дейді Т.Рақымбеков.

Акционерлік қоғам басшысы аграр­лық ғылымды мемлекеттік қолдау мәсе­лесіне ерекше назар аударылғанын айт­ты. Себебі бұл жалғыз Қазақстан ғана емес, аграрлық сектор дамыған ел­дердің бәріне тән. АҚШ, Аргентина, Аус­тралия сияқты ауылшаруашылық саласы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, саланы қаржыландыруға тауар өндірушілердің өздерінің қызығу­шылығын тудыру қажет.

– Мәселен, АӨК өкілі өзінің жұмы­сын жеңілдететін жағдайды айтып, тиісінше талап қояды, ақшасын төлеп тап­сырыс береді. Мысалы, АҚШ-тағы фермерлер қауымдастығы, басқа да одақтар ғылыми орталықтарға бидай­дың жаңа тұқымын әзірлеп беріңіздер деп тапсырыс береді. Олар тез өнетін, өнім көлемі мол, төзімді деген сынды талап қойып, 5 миллион доллар қара­жат төледі делік. Қалған қаражатты ғылы­ми орталықтарға мемлекет төлеп бе­реді. Яғни, тапсырыс бірінші кезекте өн­дірістен түседі. Ал өндіріс өзіне не керегін жақсы біледі ғой, көрдіңіз бе? Осыған дейін қалай болып келді? Министрлік бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөледі де, ғылыми институт­тар оған 40-50 түрлі тақырыпта зерттеу жүргізеді. 2007 жылы тіпті 500 тақы­рыпқа дейін ғылыми жұмыс жазылыпты. Ол еңбектер өндіріске ке­рек пе, жоқ па, ол жағын зерделеп жат­пайды, аспаннан алған тақырыпты зерттей береді. Әрине одан бергі ара­лықта біз біраз өзгеріс енгізіп, зерт­тейтін тақырыптарды азайттық. Сала­лық қауымдастықтармен бірлесіп тақы­рыптарды терең талқылауды қол­ға алдық. 2013 жылы ғылымды қар­жыландыруға тауар өндірушілердің өздері қатысуға тиіс екенін айтып ұсы­ныс жасадық. Тауар өндірушілердің қара­жат бөлгенін де көрдік, бірақ оған мемлекет қаржылай көмектескен жоқ, себебі тиісті заң шықпаған болатын. 2019 жылғы 28 қазанда елімізде ал­ғаш рет экономиканың басқа салаларына қарағанда аграрлық сектордағы ғылымға ерекше көңіл бөлінді. Тауар өндірушілер ғылымға қанша қаражат бөлсе, соның 80 пайызына тең сома мемлекеттің есебінен субсидияланады. Мысалы, тауар өндіруші ғылыми институтқа келіп «маған осындай тұқым дайындап бер» деп 1 миллион теңге берсе, оның 800 мың теңгесін мемлекет өзіне қайтарып береді. Сон­да ғалымдар тікелей өндіріс талабымен жұмыс істейді. Бұған дейін осыған қол жеткізе алмай келген едік. Бұл тамаша жаңалық деп санаймын, – дейді Т.Рақымбеков.

Жаңа құжатта қарастырылған екін­ші мәселе аграрлық сала маман­дарын даяр­лауға қатысты. Енді аграрлық университеттерде грантпен оқыған балалар міндетті түрде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуге тиіс. Дәрігер, мұ­ғалім сынды мамандық иелеріне қойы­латын осы талап бұрыннан бар болатын, ветеринар, агроном, зооинженер сияқ­ты аграрлық сала мамандарына енді келді.

– Жасыратыны жоқ, аграрлық уни­­верситеттерді бітірген жастардың басым көпшілігі ауылға бармайды, маман­дығы бойынша жұмыс істе­гісі кел­мейді? Неге? Біз оны терең тал­дай келе 3 себепті анықтадық. Бірін­ші­ден, аграрлық университеттерге түсе­тін талапкерлердің көбісі қала­ның бала­лары. Қала балаларының ҰБТ-ға дайындалу мүмкіндігі қанша айт­қанмен жоғарылау ғой. Сөйтіп, мемлекет бөлген грантты пайдаланып, шәкіртақысын алып, 4 жыл оқып шығады. Диплом алған күні басқа университетке құжат тапсырып, 2 жыл оқып экономист немесе заңгер болып шыға келеді, – дейді сарапшы.

Т.Рақымбев айтқандай, эконо­ми­ка­ның басқа салаларымен салыс­тыр­ғанда ауылшаруашылық саласын­дағы еңбекақы ең төменгі деңгейде. Мұғалім мен дәрігердің еңбекақысынан да төмен. Жалақысы аз жұмысқа кім бар­ғысы келсін?!

– Үшінші себеп – ауылдағы тұр­мыс­тың нашарлығы. Қашықтағы ауыл­дарға жол төселмеген, су тартыл­маған, интернет жоқ, медициналық пунк­тер жабылып қалған, мектептердің дең­гейі төмен... Жалпы қоғам болып ауылдың жағдайын көтеруіміз керек. Жаңа заңға сәйкес, аграрлық университетке құжат тапсырған талапкерге «Ертең оқу бітірген соң кемінде үш жыл ауылға барып жұмыс істейсің» деп ескертіледі. Бәлкім содан кейін ғана олардың орнына ауылдың балалары оқуға түсетін шығар деген ойдамыз. Заңда осы мәселеге көңіл бөлдік, – дейді ол.

Білім және ғылым министрлігіне қарасты еліміздегі 3 аграрлық университет 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына өткені мәлім. Жаңа заңда көрсетілген үшінші өзгеріс бойынша, осы оқу орындарына грант бөлу сала министрінің құзыретіне өтті. Салалық министрлік қандай ма­ман­дықтарға сұраныс бар екенін зерделеп, грантты соған орай бөледі.

 Ветеринария адамзатты емдейді

Ветеринария ғылымының кандидаты Шүкірбай Төкеев мал дәрігерлігі саласын жан-жақты өркендетпей, шаруашылықты өрге бастыру мүмкін емес деп санайды.

– Бір ғұламаның «Медицина адам­ды емдесе, ветеринария адамзат­ты емдейді» деген қанатты сөзі бар. Пре­­зидент қол қойған «Кейбір заң­намалық актілерге агроөнеркәсіп кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында ветеринария саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған бір­қатар заңнамалық акті де өзгерді. Атап айтқанда, вете­ри­нариялық талап­тар­­ға сәйкес кел­мейтін тауарлардың ішкі нарыққа еніп кетпеуі қатаң қа­дағаланады. Ол үшін шекаралас аудандарда тауарларды әкелу және өткізу ке­зін­де ветеринариялық бақы­лау кү­шейтілетін болды. Сондай-ақ вете­ринария саласындағы барлық бақы­лау және қадағалау мәселелері тиісті уәкілетті органның құзырына шоғыр­ландырылды. Мемлекеттік вете­ринариялық-санитариялық бақылау және қадағалауды бұрын жергілікті атқа­рушы билік жүргізетін болса, енді ол министрлікке қарасты мекемелерге өтеді. Жалпы, осы заңда ветеринария саласына қатысты қарастырылған мәселелер бұрын кеңес кезінде бол­ған, тиімділігі дәлелденген. Арада біраз жыл өткеннен кейін соған қайта ора­лып жатырмыз, – дейді ол.

Сөз басында айтып өткені­міздей, ауыл шаруашылығы ел эконо­мика­сы­ның драйверіне айналуы керек деген меже­лі міндетіміз бар. «Еуразияның азық-түлік себетіне айналуымыз ке­рек» дегенге саятын жоспар да жа­сал­ған. Соңғы 5 жылда аталған агро­өнеркәсіп кешенінен 2,4 триллион­ теңгеден астам қаржы бөлінгені со­ған байланысты. Алайда, ІЖӨ-дегі аг­рар­лық сектордың үлесі 4,5 пайыздан аспайды. Президент айтқандай, триллиондаған теңге бөлінсе де, да­йын ауылшаруашылық тауарын экспорттау әлеуеті әлі де тиісті деңгейге көтерілген жоқ. Ол түгілі, ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесінің шешімі табылмады. Мем­лекет басшысының Үкіметке мем­лекеттік қолдау шараларының тұрақ­тылығын, олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырғаны осыған байланысты. Қ.Тоқаев былтыр қазан айында қол қойған құжат жылдар бойы еңсесі көтерілмеген саланың азабын жеңілдете ме, әлде жағдай бәз-баяғы қалпында қала бере ме, әзірге түйіп айту қиын.

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/220742-agrosektordynh-azaby-dgenhildey-me