ср, 12/25/2019 - 18:14
Новости

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде кеңес өтті. 

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров ірі қара мал басын көбейту және сиыр еті өндірісін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, сондай-ақ, аграрлық бизнестің бірқатар өкілдері түсініктеме беріп өтті.

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бүгінде республикада 7,1 млн-нан астам ірі қара мал бар, оның ішінде сүтті ІҚМ – 4,7 млн бас, етті бағыттағы ІҚМ – 2,3 млн бас. Жыл сайынғы ішкі мал басының өсімі 5% құрайды. Елімізде бір жолғы бордақылаудың 279 мың бас мал орнына арналған 113 бордақылау алаңы бар. Биыл 52 мың бас малға арналған 24 бордақылау алаңының құрылысы қаржыландырылды. Бордақылау алаңдарын айналым қаражаттарымен қамтамасыз ету мақсатында «Агроэкспорт» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Мал шаруашылығы өнімінің өзіндік құны құрылымындағы үлесі 70% құрайтын жемшөп өндірісіне ерекше көңіл бөлінеді. Жемшөп дақылдарының алқабын биылғы 3,3 млн гектардан 2021 жылға қарай 4 млн гектарға дейін жеткізу көзделген.

Кеңеске қатысушылар мал басын көбейту, оның өнімділігін арттыру, бордақылау алаңдарына жемді жеткізуді қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын мал шаруашылығы саласына тарту мәселелерін талқылады.

Үкімет басшысы өкілетті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ өңірлер әкімдіктеріне аграрлық бизнес өкілдерімен бірлесіп Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асырудың оңтайлы тетіктерін егжей-тегжейлі және кешенді пысықтауды тапсырды. 

Облыс әкімдіктеріне мал шаруашылығы секторына ірі егін егетін шаруашылықтар мен жайылым иелерін тарту арқылы ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау жүктелді. 

Ақпарат көзі: https://primeminister.kz/