Еліміздің аграрлық секторындағы ірі халықаралық форумның бірі, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібіне арналған "KazAgro-2019" және "KazFarm-2019" көрмесінің қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар шараның жұмысына белсенді атсалысқан А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығын алтын медальмен марапаттады.
Ұйымдастырушылар А.И.Бараев атындағы АШҒӨО көрме стендінің мазмұндылығын атап өтті. Үш күнге жалғасқан көрмеде АШҒӨО стендіне бірнеше жүздеген адам келіп, орталықтың жетекшілері екіжақты, оның ішінде шетелдік компания өкілдерімен кездесулер өткізді. Орталық ғалымдары нақты егіншілік, астық дақылдарының селекциясы, агрохимия, ауыл шаруашылығы алқаптарын суландыру, ауыспалы егістер және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиялары салалары бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Айта кеткен жөн, "KazAgro" медалі ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан компанияларға табысталады. Форумдағы жұмыстарына жоғары баға алған АШҒӨО ғалымдары ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Ал алтын медаль орталық ұжымының бұған дейін алған марапаттар қатарын толтырмақ.