ср, 01/18/2023 - 11:19
Новости

Қазақстанда нарықтық бәсекенің талабына сай жылқы шаруашылығын интенсивті ұйымдастырудың басты кепілінің бірі – оны өсіріп көбейтумен қатар, жылқы тұқымын ұдайы жақсарту, асылдандыру және жаңа тұрпаттағы жылқы тұқымдарын, типтерін шығару болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары Жаңа жылды жақсы нәтижелермен қарсы алып отыр. Ветеринария факультетінің академик Н.О.Базанова атындағы «Физиология, морфология және биохимия» кафедрасының бір топ ғалымдары ұзақ жылғы ғылыми зерттеулердің нәтижесінде жылқы шаруашылығы саласында селекциялық үлкен жетістіктерге қол жеткізгені туралы жақсы жаңалық келіп жетті.

«Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК университет ғалымдарының жылқы малын селекциялық - асылдандыру жұмысын ұйымдастырудағы жаңалықтарын бекітіп, №1030, №1031 және №1032 – «Селекциялық жетістік қорғалатын құжат» патенттерін табыстады (Бюллетень №52. 30.12.2022 ж.).

Олардың қатарында «Физиология, морфология және биохимия» кафедрасының м.а., ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Исхан Қайрат Жәлелұлы, Ветеринария факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, профессор Жаңабекова Гүлмира Күмісқалиқызы, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Несипбаева Айгүл Қадырқызы, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жылқышыбаева Меруерт Мэликқызы және PhD доктарант Өтебаев Жасұлан Маратұлы бар.

Кафедра меңгерушісі Қайрат Жәлелұлының айтуы бойынша, қазіргі уақытта елімізде жылқының 4 типі: «Қазақтың жабы жылқысы», «Көшім», «Мұғалжар» және «Қостанай» тұқымдары өсіріліп жатыр. Енді, міне, қазақтың төл жылқыларының қатары жаңа екі аталық тұқыммен толықты. «Бесқарағай» зауыттық типі Шойынқара 71-81 және Байторы 25-83 жылқылары Абай облысы Бесқарағай ауданы «Мукинов» асыл тұқымды жылқы зауытында өсірілуде.

«Будандастырудың бұл түрі жалпы өнімділік қасиеті жақсы, жергілікті жағдайға бейімделген мал тұқымының қабілеттерін арттыру және кейбір өнімділік белгілерін жедел жетілдіру үшін қолданылады. Қан араластыру әдістін қолданғанда жергілікті өсіретін тұқымның негізі өнімдік типі бұзылмайды. «Бесқарағай» зауыттық типі жылқысын шығару жолындағы барлық жұмыстар оларды жыл бойы жайып-бағу жағдайында жүргізілді. Бұл жылқылар қолайсыз ауа-райына төзімді, қыста жайылымға жаюға бейім, әрі ірі, салмақты және етті-сүтті болып келеді», - дейді Қайрат Исхан.

Атап айтқанда, асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде Байторы аталық ізінің жалғастырушысы (суреттегі) торы айғыр Белестің тірі салмағы 552 кг, Шойынқара аталық ізін жалғастырушы (суреттегі) қара айғыр Шомбалдың тірі салмағы 557 кг тартып, халықаралық ғылыми қауымдастықтың назарын аударып отыр.

 Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық минстрлігінің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агентігі Ұлттық статистика бюросынының 2022 жылғы мәліметі бойынша елімізде жылқы басының саны 3 млн 650 мыңға жетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға артқан.

Осы жылқы шаруашылығын дамытуға, оның ішінде ғылыми-зерттеу, селекциялық - асылдандыру жұмыстарын жаңа белеске көтеруде айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ҚазҰАЗУ ғалымдары да аз емес. Бұл тұрғыда, жаңа заман талабына сай халықаралық деңгейдегі университет атануды алдына мақсат етіп қойған университеттің жаңа басшысы, ҚР ҰҒА академигі Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ықпал ететін ғылыми зертханалар жұмысын күшейту, талантты ғылым өкілдерін қолдау, олардың еңбекақыларын көтеру сияқты бірқатар жаңа бастамаларды қолға алуда.

Мысалы, ҚазҰАЗУ профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 45 пайызға дейін, кафедра меңгерушілері мен факультет декандарының жалақысы 1,5 есеге көтерілді. Осындай іс-шаралардың нәтижесі ғылым мен жоғары білім беру сапасының артуына, ғалымдардың өз салалары бойынша нақты ғылыми жұмыстармен айналысуына мүмкіндік берері анық.

 Университет басшылығы мен ұжымы жоғарыда есімдері аталған әріптестерімізді ғылымдағы жаңа жетістіктерімен шын жүректен құттықтайды және алдағы уақытта да сәттіліктер тілейді!

 

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

жылқы