пт, 12/23/2022 - 10:01
Новости

Отандық ғалымдар күріштің жаңа сұрпын шығарды. Басқа күріш сорттарынан артықшылығы сол, жаңа сорт суды көп қажет етпейді, ерте піседі.
Бұл жобаны селекционер ғалымдар Александр Подольских пен Сәуле Мәлікайдарқызы бастаған. Ол кісілердің біреуі зейнетке шығып, енді біреуі басқа қалаға қоныс аударғандықтан, ғылыми жобаны Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Ержан Натишаев қолға алған.
Күріштің жаңа сортына «Айсара» атауы берілді. Оның вегитациялық мерзімі 105 күн және масағына берік бекиді. Піскен уақытта шашылмайды. Тиісінше оруға икемді.

Ержан Натишаевтің айтуынша, қазіргі әлемдегі су тапшылығы проблемасын ескерсек, бұл сорт өте тиімді болмақ. Өйткені, егіс алқаптарына егіліп жүрген «Маржан», «Лидер» деп аталатын күріш сорттарынан 15-20 күн ерте піседі әрі суды үнемдеуге септеседі. Орған кезде де тура оруға өте ыңғайлы. Сол себепті, өнім бастырылып, шашылмайды. «Айсары» «Slender» әлемдік стандартына сәйкес келеді. Үндістанның, Оңтүстік Кореяның және Қытайдың тропикалық күріш сорттары негізінде жасалған «Айсара» әртүрлі ауруларға да төзімдірек.

Оның үстіне экспорттауға да ыңғайлы. «Айсара» сияқты мөлдір күріш әлемде үлкен сұранысқа ие. Жақында сынақтан өтіп, оң нәтижеге ие болғандықтан, авторлық құқық берілген. Жақында патенттелетін болады, деп отыр мамандар.

Естеріңізге сала кетейік, ғылыми зерттеу институты бұған дейін «Сыр-сұлуы», «Ай-керім», «Сәлима» сорттарын шығарған болатын.
Бірнеше жылдар бойы күріш шаруашылықтарын тұқыммен қамтамасыз еткен Ы.Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты ғылым мен өндірістің байланысын жаңарту үшін ірі күріш және тұқым шаруашылығының өкілдерімен бірге тәжірибелер жүргізуде.

Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында 100-ге жуық маман бар. Оның ішінде ғылыми қызметкерлер саны 20-дан асады.