чт, 11/26/2020 - 16:46
Новости

Павлодар облысында 22 сүт фермасын іске қосу сүт өндірісін 60% - ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл аймақта ет өнімдерін өндіруді арттыруға бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді.

«Биыл 7 сүт фермасы іске қосылады, алдағы үш жылда 15 өндіріс ашылатын болады. Біздің болжамымыз бойынша, бұл сүт өндірісінің 60 пайызға өсуіне ықпал етеді», - деді Павлодар облысының әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысының ақпараты бойынша, биыл облысқа 4,4 мың бас ет бағытындағы ірі қара мал импортталып әкелінді. 2021 жылы 5 мың бас сиыр ұстайтын бордақылау алаңын іске қосу жоспарланған.

Ал биылғы жылы өңірдегі құс фабрикасы күркетауық етін алғаш рет сатылымға шығарады. Ә.Сқақов хабарлағандай мұндай құс етін шығаратын өндіріс бүкіл Қазақстан бойынша екеу ғана.

«Облыс көлемінде ет өндірісін жыл сайын 10% - ға арттыру жоспарда бар», - деп хабарлады әкім.

Қазіргі уақытта жалпы өңірдегі ауыл шаруашылық өнімдерде АӨК-тің үлесі 8,8% - ды құрайды. Аймақта ауыл шаруашылығын дамыту есебінен экономиканы арттыру  перспективалары қарастырылуда. Бұл бағытты дамыту үшін қолға алынатын негізгі салалар: суармалы егіншілік, сүт өндіру және ет өндіру.

«Биыл суармалы жердің ауданы 121 мың гектарға дейін ұлғайтылды, 52 мың га суармалы жерден 900 мың га суарылмайтын жердегідей  өнім жиналды. Айырмашылық – 17 есе. Яғни, суармалы жерлердің көлемін одан әрі арттыру облыс үшін ауыл шаруашылығының өсуіне әсер етеді», - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Ақпарат көзі: https://eldala.kz/kz/novosti/zhivotnovodstvo/3421-proizvodstvo-moloka-planiruyut-uvelichit-na-60-v-pavlodarskoj-oblasti