вт, 11/03/2020 - 11:49
Новости

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі виртуалды кеңес форматында өткен БҰҰ-ның Еуропаға арналған Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өңірлік конференциясының 32-сессиясына қатысты

ҚР АШМ басшысы «Еуропа мен Орталық Азиядағы тұрақты азық-түлік жүйелері мен салауатты тамақтану рациондары» сессиясында сөз сөйледі. Өз баяндамасында министр өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тұрақты негізі ретінде «азық-түлік экожүйелерін дамыту» тақырыбын қозғады.

Сапархан Омаров пандемия жағдайында көптеген елдер оқшауланып, азық-түлік өнімдерінің халықаралық саудасын тоқтатқан кезде Қазақстан Үкіметі Ауыл шаруашылығы саласын жаһандық дағдарыстың ықпалынан сақтап, ішкі және сыртқы нарықтарға азық-түлік жеткізу мәселелерін тұрақтандыруға қол жеткізгенін атап өтті.

«Локдаунға және оған байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстан көрші елдерге азық-түлік жеткізуді жалғастырды. Осы жылдың 8 айында ШЫҰ елдеріне $1,3 млрд. азық-түлік жөнелтілді, бұдан басқа, Орталық Азия елдеріне гуманитарлық көмек ретінде 10 мың тоннадан астам ұн жіберілді. Айта кету керек, FАО мәліметтері бойынша, өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан 45 миллионнан астам жер тұрғындарын тамақтандырды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

Сондай-ақ, Сапархан Омаров көрші елдердегі сұраныстың өсуін ескере отырып, Қазақстан республикасы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өндірісін ұлғайтатынын атап өтті. Сандық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар өнім сапасы да маңызды болмақ. Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығын дамыту үшін кең мүмкіндіктері бар. Еуропалық комиссияның ресми мәліметтері бойынша, Қазақстан Еуро Одаққа органикалық агроазық-түлік өнімдерін жеткізетін 123 елдің ішінде 9-шы орында. Ал органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша еліміз абсолюттік көшбасшылар қатарына кіреді.

«Біз осы артықшылықты арттыру бағытында жұмысты жалғастырамыз және Қытай, Еуропа мен Орталық Азияның аса маңызды сауда нарықтарында өзіміздің тиімді географиялық орналасуымызды белсенді түрде пайдаланатын боламыз. АӨК-тің үлкен әлеуетін іске асыра отырып, Қазақстан Халықаралық агроазық-түлік хабына айнала алады», - деді С.Омаров.

Осыған байланысты Министр Қазақстанда ішкі және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда өндірісті ұлғайтуға, сақтау мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға мүмкіндік беретін ұлттық тауар өткізу жүйесін жақсарту үшін шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

Ақпарат көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/117016?lang=kk