вт, 10/20/2020 - 12:10
Новости

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев баяндама жасады.

«АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігі ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік жағдайына байланысты», — деді А. Мамин.

Мемлекет ветеринарлық және фитосанитарлық жағдайды бақылаудың барлық қажетті шараларын қабылдап жатыр. Жануарлар мен құстардың 23 аса қауіпті ауруларына қарсы жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. 2020 жылдың 9 айында жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларына қарсы 122,2 млн вакцина немесе көрсетілген кезеңге арналған жоспардың 100,9% жүргізілді. Бұл ретте ветеринарлық препараттардың шамамен 60%-ы елімізде өндіріледі. 

Қазақстан бірқатар қауіпті аурулар (жылқы мен шошқаның африкалық обасы, шошқаның классикалық обасы) бойынша қауіпсіз ел ретінде ресми халықаралық мәртебеге ие. Осы жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚР-да листериоз, анаэробты энтеротоксемия, ринопневмония секілді жануарлардың аса қауіпті ауруларының саны азайды.

2020 жылы 3,8 млн га алаңда карантиндік объектілер мен ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянды организмдеріне қарсы қорғау іс-шаралары жүргізілді. Уақытылы қабылданған шаралар шегірткелердің таралу ареалын 3,3 есеге — 2018 жылғы 1,7 млн гектардан осы жылы 515 мың гектарға дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында осы жылдан бастап аса қауіпті зиянды организмдермен, карантиндік объектілермен және арамшөптермен күресу үшін пестицидтердің барлық түрлерін субсидиялау тетігі іске қосылды.

Премьер-Министр ветеринарлық және фитосанитарлық қызметті одан әрі нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу, ветеринария және фитосанитария саласында тексерулер, бақылау және мониторинг, сондай-ақ карантиндік іс-шаралар жүргізу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы бүгінгі таңда құс тұмауына қатысты жағдай тұрақтанғанын атап өтіп, алайда жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, қажет болған кезде алдын алу шараларын жедел қабылдау керек екенін айтты.

Премьер-Министр жергілікті атқарушы органдардың карантин мен шектеу шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімдерін оңайлатуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиімді бақылауды ұйымдастыру үшін ветеринарлық және фитосанитариялық қадағалаудың ұлттық жүйелерін құру тапсырылды.

«Тиісті ақпараттық базаны жетілдіру және процестерді автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын 100% сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.

Ауыл шаруашылығы және білім министрліктеріне сала үшін кадрлар даярлауды жетілдіру және кейін ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринариялық және фитосанитарлық қызмет мамандықтары бойынша оқытуға бөлінетін гранттарды ұлғайту мәселесін пысықтау тапсырылды.


Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/ukimet-veterinarlyk-zhane-fitosanitarlyk-kauipsizdik-maselelerin-karady-209529