вт, 09/22/2020 - 14:00
Новости

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі егін жинау жұмыстарының барысы қаралды. Астық жинау науқанының қарқыны туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Министрдің айтуынша, биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды, бұл ретте егін жинау науқанының қарқыны өткен жылғыдан жоғары. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 14,8 млн гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 93,4%-ында егін жиналды, ал өткен жылы осындай уақытта 10,3 млн гектар немесе 67,6% жиналған болатын. Гектарына 12,3 центнер орташа түсімділікпен 18,2 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы – 11,4 млн тонна).

«Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің болжамды көлемі еліміздің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді С. Омаров.  Министрдің айтуынша, келесі қадам — егіннің сандық және сапалық сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы алғанда, елдегі қолда бар сақтау қуаттылығы, өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды есепке алғанда, болжамды өнім түсімін сақтау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде.

«Сонымен қатар әкімдіктер элеваторлардың 2020 жылғы түсімді уақытылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізуі, сондай-ақ астықтың үздіксіз орын ауыстыруын тұрақты бақылауда ұстауы қажет», — деді С. Омаров.

Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті, бұл 2019 жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп. Биылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша элеваторларға 2,4 млн тонна бидай келіп түсті, бұл 2019 жылға қарағанда 2,8 есе көп; 504,6 мың тонна арпа келіп түсті, бұл 2019 жылғы деңгейден 2%-ға көп; 114,5 мың тонна басқа дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш) келіп түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық.  Аталған деректер егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды.

«Жаңа егін астығының сапасы жоғары көрсеткіштерге ие екенін байқауға болады. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы 1-3-санаттарға жатқызылды, бұл көрсеткіш 2019 жылы 67,2%-ды құраған болатын. Тиісінше, 4-5 санатты және санатсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмендеді», — деді С. Омаров.

Астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен астық сапасы туралы деректерге сәйкес дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда, бұл бидайдың маңызды сапалық көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Стандартқа сәйкес 3-санатты бидайдағы дән маңызының мөлшері 23%-ды құрауы тиіс. Министрдің айтуынша, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғарылады. Мәселен, 3-санатты бидай көлемінде дән маңызы 25-27% болатын астық үлесі 25,4%-ға жетті, 2019 жылы бұл көрсеткіш 23,4%-ды құраған еді, ал дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59%-ға жетті, өткен жылы бұл 42,8% болатын. С. Омаров атап өткендей, сапалы өнімнің алынуы мемлекеттің өсімдік шаруашылығына қолдау көрсету жөніндегі мақсатты саясатының арқасында мүмкін болды. Осы жылы тұқым шаруашылығын субсидиялау көлемі 49%-ға ұлғайды (9,4 млрд теңгеден 14 млрд теңгеге дейін), бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жоғары репродукциялы тұқым сатып алуға қолжетімділігін 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге арттыруға (39,4 мың тоннадан 135 мың тоннаға дейін) мүмкіндік берді. Тыңайтқыш сатып алуды субсидиялау көлемі 38%-ға едәуір ұлғайды (19 млрд теңгеден 26,1 млрд теңгеге дейін), бұл тыңайтқыш енгізу көлемін ғылыми қажеттіліктің 20%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Кепілдендірілген және сапалы өнім алуда егістерді зиянкестер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу бойынша қабылданған шаралардың маңызы зор болды. Биыл пестицидтерді субсидиялауға 36,4 млрд теңге көзделді, бұл 2019 жылға қарағанда 9 млрд теңгеге көп. 2020 жылға дейін тек гербицидтер (арамшөптерге қарсы препараттар), биопрепараттар мен биоагенттер субсидияланғанын атап өткен жөн. Осы жылдан бастап пестицидтердің инсектицидтер мен фунгицидтер (өсімдіктер зиянкестері мен ауруларына қарсы препараттар) сияқты басқа да түрлері субсидияланады. Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес (2020 жылғы 27 тамыз) астық өндірісінің Ресейде, Канадада, Австралияда өсуіне байланысты 2020 жылғы өнім көлемі әлемдік рекордтық деңгейде – 2,2 трлн тонна болады деп бағалануда, маусым жоғары астық қорымен – 630 млн тонна мөлшерінде аяқталады. 

«Оның ішінде Астық жөніндегі халықаралық кеңес Қазақстанда 17,7 млн тонна көлемінде астық жиналады деп болжауда, біздің бағалауымыз бойынша өнім 18 млн тоннаны құрайды», — деді С. Омаров.

Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 763,3 млн тоннаны, оның ішінде Қазақстанда 12,4 млн тоннаны құрайды. Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі жеткізілімдері дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнелтілімі артуы мүмкін.

«Биыл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көптеген өтініштері бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді», — деді С. Омаров.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кепілмен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарын ескере отырып, форвардтық сатып алу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылды, 516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалды. Министрдің айтуынша, нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағаларын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-санатты бидайға – 78 мың теңге, 2-санатты арпаға – 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады. Форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған кезде кейінірек белгіленетін болады. Бұл ретте сатып алу бағасын белгілеу кезінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудан басқа ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі де ескерілді. Ақмола облысында егін жинау науқаны қалай өтіп жатқаны туралы өңір әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

Бүгінгі таңда, әкімнің айтуынша, астық дақылдарын және бұршақ дәнді дақылдарын жинау жұмыстары аяқталу сатысында. Астық бастыру 4,2 млн га көлемінде немесе 95,5% алқапта жүргізілді. Орташа түсім гектарынан 11,2 центнер, 4,7 млн тонна астық бастырылды. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары (65 дана) жаңа астықты қабылдауды жүзеге асыруда. Элеваторларға 1,5 млн тоннадан астам астық жеткізілді. Шаруашылықтардың астық қоймаларын ескере отырып, 6,6 млн тонна астық сақтау үшін мүмкіндік жасалды.

«Биылғы астық сапасының көрсеткіштері өткен жылғыдан айтарлықтай жоғары: астықтың 90% 3-санатқа сәйкес келеді (өткен жылы 65%)», — деді Е. Маржықпаев. Майлы дақылдар 125 мың гектарда немесе егістік алқабының 53% жүргізілді, жалпы түсім 85 мың тоннаны құрады, гектарынан орташа түсім – 8,5 центнер. Картоп пен көкөніс жинау аяқталды. Егін жинау науқанын аяқтау үшін, өңір арзандатылған дизель жанар-жағармайының қажетті көлемімен қамтамасыз етілді. Өңір аграрийлерінің атынан әкім Премьер-Министр мен Үкіметке ауыл шаруашылығы саласына көрсеткен қолдауы үшін зор алғысын білдірді, ол биыл 73,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде субсидия түрінде — 37,4 млрд теңге. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егіс жұмыстарын несиелендіруге 36,2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Жалпы, өңірде егін жинау жұмыстарын табысты аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ отырыс барысында аграрийлер атынан «Логос Грейн» ЖШС басшысы Арман Құдайбергенов сөз сөйледі. Қостанай облысы бойынша жиналатын дәнді дақылдар алқабы 4 млн 51 мың гектарды, майлы дақылар 640,5 мың гектарды құрайды. Бүгінгі таңда 3,8 млн гектар дәнді дақылдар немесе жиналатын алқаптың 95% бастырылғанын хабарлады облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Келесі жылдың егісіне арналған тұқым толық көлемінде құйылды (530 мың тонна). 

«Астықтың күтілетін жалпы жиналымы 4 млн тоннадан асады. Облыс бойынша 60-тан астам ұн өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді, олар жыл сайын 2,5 млн тонна астық өңдейді, 1,2 млн тонна ұн экспорттайды. Соңғы 3 жылда қуаты жылына 162-ден 270 мың тоннаға дейін ұн өндіретін ірі заманауи өндірістер – “Бест Қостанай” ЖШС, “Пионер Люкс” ЖШС, “Компания Саламат” ЖШС пайдалануға берілді», — деді Қостанай облысының әкімі.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау орны жеткілікті — 8,2 млн тоннаға арналған. Осы жылдың өнімінен желілік элеваторларға 640 мың тонна астық келіп түсті, сапасы жоғары келіп түскен бидайдың 87%-ы 3-санатқа жатқызылды. А. Мұхамбетовтың айтуынша, облыста элеваторлардың саны артып отыр. «Астық» элеватор жабдықтары зауыты» ЖШС зауыты көмегін көрсетуде. Кәсіпорын республикада ұқсас өндірісі жоқ елдің астық қабылдау кәсіпорындарына, ұн тарту комбинаттарына, теңіз терминалдарына жиынтықтаушы жабдықтар өндірісімен және жеткізумен айналысады. Малды қыстату үшін 1,6 млн тонна көлемінде бір жарым жылдық шөп қоры дайындалды. Келесі жылдың егініне жұмыстар жүргізілуде. 1 млн 38 мың гектар алқапта пар дайындалды, топырақты күзгі сүдігерлік өңдеу басталды. Форвардтық сатып алу бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 6,8 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бүгінгі күні шаруашылықтар астықты уәкілеттілік берілген астық қабылдау кәсіпорындарында жинауда, 36,5 мың тонна астық әкелінді. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ сатып алу бағаларын белгілеген кезде астық форвардтық сатып алуды өтеу есебіне ресімделетін болады. Отырыста өңір аграршылары атынан «Қарқын» агрофирмасы» ЖШС директоры Еркін Бұқанов сөз сөйледі. Солтүстік Қазақстан облысында өңір әкімі Құмар Ақсақалов хабарлағандай, бүгінгі күні дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 92,7% жиналды (2 988,5 мың га-дан 2770,6). Өнімділік гектарына 14,8 центнерді құрады (4100,5 мың тонна бастырылды). Биыл жауын-шашынның мөлшері 115 мм құрады, бұл нормадан 45%-ға кем (норма 208 мм). Дегенмен, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан диқандар жақсы өнім жинап алды. «Тұқым» ЖШС гектарынан 28 центнер (21 мың га), «Зенченко және К» КС 26 центнер (40 мыңга астам), «Новомихайловское 2003» ЖШС 25,3 центнер (9,1 мың га) және «Заградовское» ЖШС (12 мың га) 25 центнер, «АБИ-Жер» ЖШС (14,3 мың га) 23 центнер астық жинады.

«Бұл нәтижеге агротехникалық жұмыстарды уақытылы орындау және мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілді», — деді Қ. Ақсақалов. 

Ең алдымен, элиталық тұқымдар себіліп, сортты жаңарту көрсеткіші 8,7%-ға дейін жеткізілді.  Облыс алқаптарына 107 мың тонна (1,6 млн га) минералды тыңайтқыш енгізілді. Жалпы, жыл соңында бұл көрсеткіш 130 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Бұған қоса, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы пайдаланылды. Жыл басынан бері 41,8 млрд теңгеге 1 627 бірлік заманауи техника сатып алынды.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 2 есе арттыруды, яғни алдағы 5 жылда 1 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Қ. Ақсақалов.

Сүт-тауар фермаларының санын жыл сайын 10-ға дейін арттыру, бордақылау алаңдарын, бройлерлік құс фабрикасын салу, шошқа өсіру кешенін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде.  Соның нәтижесінде, инвестиция көлемі 2,4 есеге өсіп, 250 млрд теңгеге дейін жетеді. 1,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

«Алда ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді 2024 жылға қарай 2,1 есе арттыру міндеті тұр. Осы мақсатта “Масло Дел” және “Молочный союз” серіктестіктерінің сүт өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр», — деді Қ. Ақсақалов.

Сонымен қатар отырыс барысында аграрийлер атынан «KazFoodProducts» ЖШС құрылтайшысы Әлихан Талғатбек сөз сөйледі.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/kazakstanda-egin-zhinau-zhumystary-934-ga-ayaktaldy-kr-ashm-2285443