пт, 09/18/2020 - 13:22
Новости

Елімізде білімді дамыту жағы жолға қойылғанымен, ғылымды игеру жайын кейінге ысырамыз. Жыл сайын магистратура мен докторантураны бітірген жастар көп болса да, ғылым қазанында біте қайнай алмай жүр. Неліктен? Озық елдің тәжірибесіне сүйенеміз дегенімізбен нәтиже шығара алдық па? Ғылым төңірегінде түрлі жоба мен грант бөлінгенімен, аталған салада ақсауымызға не себеп?

Мәселе көтеруге себеп болған  – Президент Жолдауындағы V тармақ. Мемлекет басшысы ғылым саласын дамытуға күш салу керегін тағы да ескертті. Ғылымын дамытқан Германия мен Жа­пония машина жасауда алдына жан салмай келе жатқаны анық. АҚШ-тағы IT техно­логияның қауқарымен ешкім таласа алмай­ды. Оңтүстік Кореяның электрони­касына да тағар сын жоқ. Үндістан ма­тематика саласын дамытуға күш салғалы қашан?! Орта Азияда жеңіл өнеркәсіп бойынша Қытай мен Өзбекстан бес қаруын сайлап отыр. Байқасаңыз, аталған елдер басым бағытын анықтап, әрі қарай дамудың даңғыл жолына түскен. Осындай мысалдарға мән берді ме, Президент елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат керек екенін баса айтты.

Балық басынан шіриді

 «Аққу көлге, шортан шөлге» дегендей, сала басшылары тізгінді босатпай, қадағалауды күшейткені дұрыс. Бұл біздің емес, ғылым саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Тағай Қансейітовтің сөзі. Акаде­миктің айтуынша,  жауаптылар қара­мағын­дағыларға сөзін өткізіп, лайық­ты тексеру жұмыстарын жүргізгенде ғы­лымның күйі бұлай болмас еді. Ауыл­шаруа­шылық ғылымдарының про­фессоры Көпмағамбет Елемесов те биліктің ғылымға қырын қарап жүргенін айтты. Ғылым саласында өнімді еңбек етіп жүрген Сүндет Кәрімов те қағаз­бастылық көп екенін, практикаға мән бермеудің зардабын тартып жүр­генімізді атап өтті. Кадр мәселесінің де күрмеуі қиын. Ғалымдардың сөзінше, жауап­тылардың ғылымға кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанында шаруасы жоқ. Оларға есеп дайындалып, қағаз үстелінің үстінде тұрса жеткілікті. Содан ба, халық ара­сында «ел үшін емес, есеп үшін жұмыс істеу» термині қалыптасқан

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстанда 22 мыңға жуық ғылы­ми қызметкер бар. Кейбір мә­лі-м­етке сүйенсек, 2010 жылға де­йін елімізде 36 Ғылыми-зерттеу ин­ституты жұмыс істесе, қазір саны шамамен 3 есеге қысқарған.

«Қазір орталықтардың бә­рін қоғамдық кейіпке енгізді. Ғы­лы­ми академиялардың өзі қо­ғамдық сипатқа ие. Қай ғылым болмасын мемлекеттің құзырында болуы керек. Ұлттық ғылым ака­демиямыз бар еді. Оның да ат­қару жүйесі екіұдай. Қысқа қа­йырғанда, мемлекеттің ғылымға деген көз­қарасы дұрыс емес. Ғы­лымға сала бойынша қаржы құю керек. Қадағалау қажет», – дейді ҰҒА академигі Көпмағамбет Елемесұлы.

Иә, ғалымдар елдегі ғылы­ми орталықтар мен зерттеу инсти­тутының халіне алаңдайды. Осын­дайда бірқатар университет зерттеу институты дәрежесін алды дерсіз. Жоғары оқу орындарында жаңа заманға сай құрал-жабдықтар бол­ғанымен, соны кәдеге жара­тар маман тапшы. Ал кейбір уни­вер­ситеттерге керекті жабдық са­тып алу жайы ыңғайға келмей тұр.  Мәселен, физика-математика ғылымдарының докторы, про­фессор Темірғали Көкетай БАҚ-қа жариялаған мақаласында қымбат қондырғылар орнатылған 15 ғы­лы­ми-зерттеу зертханасы толық жұ­мыс істемей тұрғанын жазған. Ал Бөкетов атындағы ҚарМУ ұжымы екі рет негіздеме жазып, ЯМР деген қондырғы сатып алуға сұраныс берген. Оқу орнында құралмен жұмыс істейтін профессорлар тобы барына қарамай, ұжымның сұранысы ескерілмей қалған. Про­фессор сол қондырғының басқа университетте экспонат ретінде тұрғанына күйінеді. Сондықтан жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүр­генін қалайды.

 

Еліміздегі ғылым «қартайды»

Зер салсаңыз, еліміздегі белді әрі беделді ғалымдардың дені 80-нің сеңгіріне шықты. Мұны біз академик, профессорларға қоңырау шалғанда байқадық. Олар да осы жайтқа күйініш білдірді. Техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримовтің айтуынша, еліміздегі ғалымдардың орташа жасы 60-тан асты. Бұл – төмен көрсеткіш. Әрі ғылымның дамуы мен өркендеуіне кері әсер ететін фактор.

«Ғылымға жастарды тар­ту керек. Аспиранттар мен докторант­тарды дайындау қажет. Ұлттық академия мүшелерінің дені қартай­ды. Ғылымды дамытуды қолға ал­масақ, осылай жалғаса береді», – дейді мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Көпмағамбет Елемесұлы.

Асылы, университеттерді Ғы­лыми-зерттеу институтына, ака­демияларды қоғамдық орынға айналдырудың астарында жастар­ды  жетелеу жатыр. Өйткені қо­ғам­дық орынға кез келген адам ба­рып, керегін ала алады. Бірақ сол мүмкіндікті кәдеге жаратып жат­қандар шамалы. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде магис­тратура мен докторантурада оқып жүріп, біршама дүние жасаған жас­тар бар. Алайда жастардың дені магистратура мен докторантураны мансап баспалдағына пайдаланады. Мұны ғалым Сүндет Каримов қол­дап отыр.

«Магистратура мен PhD докторантураны атақ-даңқ үшін қорғайтындар көбейді. Саясат, бизнес саласында бой көрсету үшін баспалдақ ретінде қабылдайды. Академиялық дәреже мен ғылыми дәреженің аражігін ажырату керек. Елдегі ғылым жасын жасартуға кел­сек, ғылыми қызметкерлердің жа­лақысын көтерген жөн. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, кім ғы­лымға көп қаржы құяды, сол же­місін жейді», – дейді техника ғы­лымдарының докторы Сүндет Кари­мов.

Иә, жастардың ғылыммен айна­лыспауына бірнеше себеп бар. Алдымен елдегі жалақы жайы. Елімізде магистр дәрежесі бар ғылыми қызметкер 80-100 мың теңгенің айналасында жа­лақы алатыны белгілі. Ал ғылым кандидаттары шамамен 225-230 мың теңге көлемінде айлық алады. Ғылым докторы дәрежесі бар қызметкердың айлық та­бы­сы 330 мыңға жетеқабыл. Осы тұс­та ауылшаруашылық ғы­лым­­дарының профессоры Көп­мағамбет Елемесұлы 1995 жылға дейін академик атағын алып үл­гергендерге ғана стипендия төле­нетінін айтқан-ды. Сонда 1996 жыл­дан кейінгі атағы бар ғалымдар «құр­ғақ қасық ауыз жыртадының» күнін кешіп жүрмегеніне кім кепіл?! Мән беріп қарасақ, елімізде ғылым-біліммен айналысатын адамдардың жағдайы мәз емес. Бақытжан Әлімбеков, Қаһарман Еменбетов, Нұртас Мәкімов сияқты бірқатар ғалымдардың шетел асып кеткеніне жалақы мен тұрмыс жағдайы себеп болды ма дерсіз.

 

Асылы, университеттерді Ғы­лыми-зерттеу инсти­тутына, ака­демияларды қоғамдық орынға айналдырудың астарында жастар­ды жетелеу жатыр. Өйткені қо­ғам­дық орынға кез келген адам ба­рып, керегін ала алады. Бірақ сол мүмкіндікті кәдеге жаратып жат­қандар шамалы. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде магис­тратура мен докторантурада оқып жүріп, біршама дүние жасаған жас­тар бар.

 

Ғылымға бөлінетін қаржы де­генде ЖІӨ еске түседі. Өйткені кез келген елдің ғылымды игеруге құлшынысы ғылымды дамытуға бөлінетін ЖІӨ-нің пайыздың көрсеткішімен өлшенеді. Кейбір деректерге сүйенсек, елімізде ғы­лымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,01-0,02% шамасында. Ал дамыған елдерде ғылымға бөлінетін ЖІӨ көрсеткіші – 3-4%. Мәселен, ғылым дамуына Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5% қаржы бөледі. «Көп салым салсаң, өнім де жақсы болады» деген осы болса керек-ті. Оның үстіне Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымы бойынша, мемлекеттің ғылым са­ла­сына бөлетін қаржысы ЖІӨ-нің 1,5%-ынан асса ғана ғылым дамиды. Мұны физика-математика ғылымдарының докторы, профес­сор Темірғали Көкетай растап отыр.

Осыған орай, Президент те Жолдауында жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырған-ды. «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 000 грант бөлуге шешім қабылдады.

 

Есеп бар, нәтиже жоқ

 Жағдай грант пен қаржы жайына келсе, тосылып қала­тынымыз бар. Өйткені грантты ұтқан адамның ғылыми еңбегі іске асты ма, жоқ па, тексеріп  жатқан бірі жоқ. Тек есебін берсе, саны толық болса жеткілікті. ҚарМУ-дың техникалық физика және эко­логия мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры Темірғали Көкетай ғылым саласындағы конкурс пен «Ғалымдарды грантпен қаржы­ландыру» турасындағы былықтарды ашық жазған-ды. «Агроөндіріс комплексі түрлерінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіп­сіздігі» бағыты бойынша конкурста Ұлттық ғылыми кеңес 16-19 балл алған жұмыстарды өткізіп, 30 балдан артық жинаған зерттеулерді өткізбеген. Жетекшісі ҰҒК мүшесі болған жұмыстың иесі 20 балл алса да, қаржыландыру тізіміне енген екен. Оған қоса, мемлекеттік сараптамадан жоғары балл алған жобалардың болашағы бұлыңғыр.

«Ғалымдарды грантпен қаржы­ландыруға 800-ден астам жұмыс қатысады. Соның 50-ден астамы жеңіске жетіп, қаржыландыруға  ие болады. Бірақ жоба иелері есеп беруден әрі аспайды. Нақты тексеріп жатқан ешкім жоқ», – дейді техника ғылымдарының док­торы Сүндет Каримов.

Елдегі ғылым жайы туралы пі­кір сұрағанымызда жауап беруден бас тартқан академиктер бар. Себебін мінберде отырғандарға тиіп кетпеуімен түсіндірді. Өзін Мемлекет басшысынан бастап бәрі танитынын атап өтті. Егер осындай беделді кісілер ғылымның дамуы кешеуілдегенін ашып айтпаса, басқаларына не жорық?

Қош, ғылым саласындағы жем­­қорлыққа келсек, 2019 жылы ғы­лыми-зерттеулер мен еңбектерге 134,37 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 3,5%-ға көп. Аймақтарға бөліп қа­­ра­с­тырғанда, Алматы қаласына – 64,4 млрд теңге,  Нұр-Сұлтан қаласына – 29,1 млрд  теңге, Шығыс Қазақстан об­лысына – 10,56 млрд теңге,  Атырау облысына – 10,4 млрд теңге, Маңғыстау облысына 10,34 млрд теңге үлестірілген. Ал осы аталған аумақтағылардың ғылымға қосқан үлесі қандай? Оған қоса, қаржының 89%-ы инженерия мен жаратылыстану ғылымдарына бө­лін­ген. Осыған байланысты ға­лымдар да қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын рет-ретімен көрсетіп беруін сұрап отыр. Тарихшы Асылбек Бейсенбаев БАҚ-қа берген сұхбатында келтірген деректерде нақтылық жоғын айтқан. Мәселен, космосқа қатысты ғылыми-зерттеу мен еңбекке мынанша қаржы құ­йылғаны жазылып, нақты не екені (спутник, ракета, жұлдызды аспан картасы) көрсетілмеген.

Ауылшаруашылық ғылым­дарының докторы, профессор Тағай Қансейітов те бөлінген қаражаттың игерілу жайына күмәнмен қарайды. М.Әуезов атындағы университетте аграрлық факультетте сабақ беретін ұстаз әлі күнге ауылшаруашылық саласына мардымды ғылыми жаңа­лық енбегенін айтады.

«Қойды, табынды алыстан, бір тетік арқылы басқару туралы біраз жылдан бері айтылды. Бірақ нақты өндіріске енгізген жоқ. Әлі күнге шопандар қойдың соңында жүр. Одан бөлек шағылыстыру жұмысы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Шетелден небір сиыр, бұқа түрлерін сатып аламыз. Алай­да соның артықшылығын алу, бу­дан­дастыру жайы атымен жоқ. Қол­да бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз», – дейді Тағай Қансейітов.

 

Шетел тәжірибесі
дейміз-ау…

Расымен, есеп бергенімізбен, нәтижесі көрінбейді. Қалай бол­са да Scopus-қа мақаласы шық­са жететін сыңайлы. Аймағам­бетовтің айтуынша, 2011 жылмен салыстырғанда аталған басылымға мақала жариялану көрсеткіші 34,5 есеге артқан.  Соңғы 5 жылда елдегі әр бесінші ғалымның еңбегі әлемнің  үздік 25 журналында басылған екен. Ал сол зерттеулердің ішінде өндіріске еніп, кәдеге жарағаны бірен-саран ғана.

Жоғарыда елдің ғылым сала­сындағы басым бағытын айқындап, соны алға жылжытудың қамына кірісу қажет екені жазылған. Осы­­ны ескерген Өзбекстан Орта Азия­дағы жеңіл өнеркәсіп сала­сында Қытайға бәсекелес болып отыр. Өйткені оларда белгілі бір министрлік жеңіл өнеркәсіпке жауап береді. Мәселен, 2000 жыл­дан бері Греция, Испания, Португалия, Финляндия, Австрия, Ирландия мен Жаңа Зеландия ғылымды дамытуға күш салды. 2007 жылға қарай аталған елдерде экономикалық өсім байқалды. Мысалы, бір ғана Малайзияны алып қарасақ, елдегі түрлі эко­номикалық дағдарыстарға қара­мастан, ел ғылымды дамытуға ай­рықша мән берді. Бұл елде электротехника құралдары саласы қарыштап дамып келеді. Ішкі саудада АҚШ, Сингапур, Жапония сияқты елдермен импорт пен экс­портты бөлісіп отыр. Қызығы, ел тұрғындары Мексика, Түркия және Бразилиядан бай-қуатты тұрады. Бұл көрсеткішті Дүниежүзілік банк пен Академиялық зерттеу орталығы Малайзия билігі ішкі инновация мен ғылымды дамытуға күш сал­ғаны деп бағалайды. Әйтпесе, Малайзия халқының күнкөрісі – ауыл шаруашылығы, минералды ресурстар мен жеңіл өнеркәсіп саласы.

фото

Осы тұста қайта Жолдау мәтіні еске түседі. Президент «Елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағ­дарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылым­ның әлеуетін пайдалану болмақ» деген-ді.  Мемлекет басшысының нұсқағаны – Ғылыми-техно­логиялық даму стратегиясы (ҒТДС). Тү­сіне білгенге бұл – ма­ңызды құжат. Өйткені құжат нобайын елдегі белгілі ғалымдар, технологтер, инженерлер, ғылыми мекемелер біріге отырып жасауы керек. Мұндай құжат дамыған елдердің біразында бар. АҚШ, Жапония, Қытай мен Еуропа елдері осы құжаттың арқасында ғылым көкжиегін кеңейтіп отыр. Аталған құжат елдегі ғылым саласына қа­тысты біраз проблеманың ше­шілуіне негіз болады. Мысалы, 2016 жылы ҒТДС қабылдаған Ресей экономикалық даму мен ғылыми-технологиялық дамудың арасындағы негізді жете түсінді. Әрине, Ғылыми-технологиялық даму стратегиясын қабылдар ал­дында өзге ел тәжірибесін жи­нақ­тап, керегін алғанымыз жөн.

Белгілі математик Асқар Жұ­маділдаев жаңа заманда елге тех­нократтар керегін баса айтқан-ды. Себебі ғылымы мен техникасы дамыған елдің әлемдік рейтингте беделі биік тұрмақ. ЮНЕСКО-ның ғылым туралы 2030 жылға жос­парлаған баяндамасында да осыған қатты мән берілген. Кейбір рейтинг орталығы елдегі ғылымды Scopus сынды журналдарға шыққан мақаламен өлшейді дегенімізбен, іске асыру жағына көбірек мән беру қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Ақпарат көзі: Aikyn.kz