Техас университетімен әріптестік байланыс
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдұлданов, сонымен қатар KustoGroup және Техас университеті делегациясының қатысуымен агроөнеркәсіптік кешеніндегі инновациялық бағыттарды дамыту бойынша кездесу өтті.
Жиынға университет басшылығы, білікті ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және магистранттар, докторанттар қатысты.
Шетелдік делегация құрамында келген Норман Эрнест Борлоуг атындағы халықарарлық ауылшаруашылығы және даму институтының халықаралық оқыту үйлестірушісі және директор орынбасары Ph.D доктор Майк МакВортэр.
AgriLifeResearch компаниясының халықаралық және стратегиялық серіктестік жөніндегі маман, ветеринарлық медицина докторы Элизабет Паркер сынды эксперт-ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлістіп, жергілікті мамандармен пікір алмасты.
Кездесуді ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, Техас университеті делегациясының ынтымақтастық орнату мақсатындағы арнайы келген сапарларына ілтипатын білдірді.
Қонақтарды университеттің стратегиялық бағыт-бағдарымен, ғылыми-инновациялық жобаларымен таныстырды. Өз кезегінде сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Гүлмира Исаева делегаттардың университетімізге келу мақсатын жеткізді. «Техас университеті көлемі жағынан АҚШ-тағы жетінші орындағы оқу орны болып табылады. Біздің қонақтарымыз еліміздегі аграрлық саладағы ең алдыңғы қатардағы жетекші оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірлесе жүзеге асыруға бағытталған арнайы жобалаларымен келіп отыр. Бүгінгі күні еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі ең басты орында. Шетелдік қонақтар мал шаруашылығы, ветеринарлық санитария, сонымен қатар ет және ет өнімдерін өндіру бойынша жұмыс істейтін мамандарды, өз университеттерінде оқыту, білімдерін жетілдіру сияқты Экстеншн жүйесін бірлесе жүзеге асыру мақсатында келіп отыр», – деп атап өтті Гүлмира Сұлтанбайқызы.
Майк Мак Вортэр Техас университетінің көптеген ірі компанияларға мамандар дайындаумен айналысатынын жеткізді. Сонымен қатар, Майк Мак Вортэр екі университет арасында әріптестік ынтымақтастық орнатып, студент алмасу, оқытушылардың магистратурада оқуға тарту, ауылшаруашылығы тауарөндірушілерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жобаларды бірге іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Техас университеті мамандар дайындайтын ірі компнаиялар мен олардың елімізде бірлесе жұмыс жасайтын өндіріс орындарына мамандар дайындау ең басты мақсаттары екендігін жеткізді.
Осы сапар америкалық ТАЙСОН ФУДС корпорациясымен және оның қазақстандағы КУСТО ГРУПП өндірістік-инвестициялық компаниясының бірлескен жобаларын іске асыру және ынтымақтастық орнатуға бағытталған. Жақын уақытта аталған компания Талдықорған аймағында күніне 2 мың ірі қара малдың етін дайындайтын ет комбинатын салуды жоспарлап отыр. Өндіріс орнында екі кезекте 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді деп күтілуде. 300 млн. АҚШ долларына бағаланған жобада 20 мың жұмыс орны құрылады.
ҚазҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлы өзі басшылық ететін ҚазҰАУ-дың осындай ірі өндіріс орнында жұмыс істейтін, шет тілін меңгерген жас маман, ғалымдарды дайындауға дайын екендігін жеткізді. Аталған жоба бізге білдірілген сенім, біздің студентттеріміздің өз мамандықтары бойынша шыңдалуына, елімізде мықты маман болып қалыптасуларына берілген зор мүмкін екендігін атап өтті. Компания ірі және кіші шаруа қожалықтарымен жұмыс істеуге дайын. Мамандардың тұжырымы бойынша бұл ынтымақтастық Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ет өнімдері мен ет дайындауды қарқынды дамытып, аграрлық саланың дамуына ықпал жасамақ.
Университетттің жас ғалымдары осы компанияның арнайы жобасымен Техас университетінде білім алып, ондағы біліммен елге қызмет етуге дайын екендіктерін жеткізді.
Жиын соңында делегация мүшелері университетте екі күннен бері өткізіліп отырған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуын болжау жөніндегі тәжірибелік семинар жұмысына қатысып, мамандармен пікірлесіп, ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хаб құрамындағы Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымындағы жетістіктерімен танысты.
Ақпарат көзі: https://www.kaznau.kz/page/news/?link=tekhas_universitetimen_ariptestik_bailanys_1986&lang=kz