пн, 01/27/2025 - 12:51
Новости

Некролог

2025 жылы 26 қаңтарда 77 жасында көрнекті ғалым және зооинженер, ауыл шаруашылығына қосқан зор үлесімен танымал, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның аграрлық ғылымының негізін қалаушылардың бірі – Әлихан Мелдебекұлы Мелдебеков өмірден озды.

1948 жылы 24 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген академик Мелдебеков Алматы малдәрігерлік институтын үздік бітіріп, ғылыми жолын Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бастады. Оның басқаруымен мал шаруашылығы саласында көптеген табыстарға қол жеткізілді, соның ішінде Қазақстанның ірі қара мал тұқымдарының селекциясын дамытуға арналған зерттеулер.

Академик Мелдебеков 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, соның ішінде 25 монография, 15 авторлық куәлік және үш өнертабыс патенті бар. Оның жетекшілігімен 10 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, 4 PhD докторы және 8 ғылым магистры дайындалды. 

Қазақстанның экологиясын сақтау және сирек кездесетін жануарлардың популяциясын қорғаудағы еңбегі халықаралық деңгейде танылып, көптеген марапаттарға ие болды, соның ішінде Халықтар Достығы ордені мен Халықаралық Вена университетінің Құрметті профессоры атағы.

Академик Әліхан Мелдебеков – еліміздің ғылыми қоғамының асыл тұлғасы, өз ісінің нағыз шебері, педагог-патриот әрі ауыл шаруашылығының беделді қайраткері. Оның ұлағатты қағидалары мен ғылыми жұмыстары біздің жадымызда мәңгі сақталады.

"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының" Басқарма төрайымы Айгүл Ахмеджанова