вт, 05/31/2022 - 12:06
Новости

Жақында ҚазҰАЗУ-ға Лунд университетінің (Lund University) өкілдері, профессор Кенот Персон және "Су ресурстары инженериясы" кафедрасының зерттеуші-ғалымы Кәмшат Түсіпова келді. Қонақтар университет басшылығымен, ғалымдармен және магистранттармен кездесті.

Өз сөзінде профессор Кенот Персон Швеция мен Еуропаның ең көне, ең жақсы және ең ірі жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Лунд университеті туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Университет Швеция Корольдігінің ұлттық рейтингісінде 2-ші орынды иеленеді.

ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректор Тілектес Есполов швед әріптестерімен бірге екі ЖОО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Профессор Кенот Персонның айтуынша, Lund University 1666 жылы құрылған. Бүгінгі таңда жеті факультетте 34 мыңнан астам студент 50 түрлі бағдарлама аясында және 800 жеке арнайы курстарда оқиды. Лунд университеті кең ғылыми инновациялық зерттеулер жүргізетін университеттерді біріктіретін Universitas 21 дүниежүзілік желісіне кіреді. Университеттің өзінде ғылым мен білім беру саласында 6 мыңға жуық профессор, оқытушылар және көмекші персонал еңбек етеді.

Жоғары оқу орны әлемдік университеттер рейтингісінің 5% -дық тобына енеді және келесі бағыттар бойынша оқытудың жоғары сапасымен танымал: "Өнер және гуманитарлық ғылымдар", "Инженерлік іс және технологиялар", "Өмір туралы ғылымдар және медицина", "Жаратылыстану ғылымдары", "Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент", "Физика", "Химия", "Экономика және бизнес". Оқыту сапасы бойынша әлемдік рейтингте топ 100-ге кіреді. Lund University түлектері арасында Нобель сыйлығының лауреаттары, премьер-министрлер және маңызды саяси қайраткерлер, дипломаттар, Швед және Еуропалық қоғамдастық көшбасшылары көптеп шыққан. Сонымен қатар, Лунд университеті ғылыми зерттеулердің, жобалар мен ізденістердің басты әлемдік орталықтарының бірі болып саналады. Тек, соңғы жылдары ғана жоғары оқу орны ауқымды жұмыстар мен зерттеулер жүргізуге 10 жуық халықаралық грант ұтып алды. Зерттеу бағыттары өте алуан түрлі, бірақ барлық жұмыстар негізгі, жаһандық халықаралық проблемалардың шешімін табуға бағынады, атап айтқанда:

1) Денсаулық сақтау және медицина: қатерлі ісік пен қант диабетін, жұқпалы ауруларды емдеу, неврология, жүрек-тамыр аурулары; дұрыс қартаю бағдарламалары; бағаналы жасушалардың мүмкіндіктерін зерттеу; эпидемиология және масс-спектрометрия; биоинженерия және биоимиджинг.

2) Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және экономика; түрлі салалардағы инновациялар және кәсіпкерлік.

3) Инженерлік және жалпы ғылымдар: нутрициология; нанотехнология; E-science; машина жасау және ақпараттық технологиялар, ұялы байланыс және сымсыз байланыс және т. б.

Профессор Кенот Персон ортақ білім және ғылым саласындағы бірлескен ынтымақтастық үшін алғысын білдірді, сондай-ақ Қазақстанның жетекші аграрлық университеті ретінде ҚазҰАЗУ-ның жоғары білім деңгейі мен әлеуетін атап өтті. Ол жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы жетістіктер мен халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне кірігу процестеріне қызығушылық білдірді.

Кездесу соңында қонақтар университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, олар Вагенинген университетімен жұмыс істеу институтына, Микроклональды көбею зертханасына, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығына, Су Хабына және т.б. барып, инновациялық жаңалықтарды өз көздерімен көрді.

Бұдан кейін магистранттар алдында дәріс оқыған профессор Кенот Персон Лунд университетіндегі оқу үдерісін таныстырып, біздің білім алушыларымызға өздерінде оқуды жалғастыруды ұсынды. Өз кезегінде магистранттар шведтік ЖОО-да оқуын жалғастыруға өте қызығушылық танытты.

Екі елдің іргелі жоғары оқу орындарының халықаралық ынтымақтастығын дамытуға қосқан елеулі үлесін ескере отырып, профессор Кенот Персон мен Кәмшат Түсіповаға "Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 90 жыл" марапат белгілері табыс етіліп, алғыс білдірді.

         ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

Фото М.Ботабеков