пн, 04/12/2021 - 15:08
Новости

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі ғылым саласының өкілдерін құттықтады!

 

Сіздерді Қазақстан Республикасы Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Ғалымдарымыз Қазақстанды жаңа ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерге жетелейтін бірегей прогрессивті класс болып табылады.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз ету аса маңызды және өзекті мәселелердің бірі болып табылатыны айқын.

Ауыл шаруашылығы ғалымдарының жетістіктері агроөнеркәсіп кешенін дамытуға орасан зор үлес қосып келеді. Атап өтсек, cоңғы он жылдың көлемінде «Қазақтың ақбас» сиырының 4 сүлесі және 14 аталық ізі шығарылды. Орал облысында шығарылған «Шағатай» сүлесі далалық өңірге бейім, әрі мұқыл болса, «Аңқаты» сүлесі дене тұрпатының ірілігімен ерекшеленеді. Қысы қатал солтүстік аймақта «Алабота» сүлесі өзінің төзімді және ерте жетілу қасиеттерін көрсете алды. Қазақстанның оңтүстік-шығысында шығарылған «Қалбатау» сүлесі ауа-райының қаталдығына шыдамдылығымен және тез өсу қасиеттерімен танылды.

Жылқы шаруашылығында қазақы «Жабы» тұқымының «Сілеті» типы мен Мұғалжар тұқымының жаңа тұқым ішіндік «Қожамберді» типтері апробацияланды. Осы тұқымның биелері құлындағаннан кейін тәулігіне 20 литр аясында сүт бере алады. Биелердің сүттілігін айғақтайтын қосымша көрсеткіш - құлынның тез жетілуі, мысалы, шұрайлы жайылымда күзге қарай жабағы құлындар 200-240 кг тірілей салмақ басады.

Пандемия жағдайында халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету үшін, шаруаларды қолдау, көктемгі егін салу, оны күту және күзгі егін жинау жұмыстарын толық көлемде және уақытылы жүргізу мақсатында Үкімет пен біздің Министрлік тарыпынан бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды.

Сол шаралардың және, ең бастысы, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен аграрлық ғалымдарымыздың қажырлы еңбегінің арқысында, күрделі жағдайға қарамастан өткен жылы 20,1 млн. тонна көлемінде мол астық жиналды. Бұл республиканың ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанның «астық державасы» деген мәртебесін сақтай отырып, белгілі бір астық көлемін экспортқа шығаруына мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен механикаландыру, ветеринария, өсімдік қорғау және тағы басқа да салаларда ғалымдарымыздың ғылыми жетістіктері арқылы осы салалар тұрақты дамып келеді.  

Жалпы, 2019 жылмен салыстырғанда, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5,6%, ал тамақ өнімдерін өндіру көлемі 4% ұлғайды.

Құрметті ғылым қызметкерлері, кең байтақ елімізге молшылық, қасиетті жерімізге құт-береке әкелсін деп, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға амандық пен шаттық тілеймін! Халқымыздың мерейі үстем болып, игі арман-тілектеріміз жүзеге ассын!

 

 

Құрметпен,                      

Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрі                                           С. Омаров