чт, 05/26/2022 - 12:00
Новости

Швейцариялық «SUISAG» компаниясы Қазақстанда  асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мүдделі. Жем-шөп  қорының молдығы мен логистикалық тартымдылығы ет өнімін әлемдік нарыққа молынан экспорттауға мүмкіндік береді. Аталмыш артықшылықтарды табысты пайдалану үшін гендік инженерия саласындағы үздік тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз – дейді компания басшысы, доктор Маттео Эплимен. Бұл ұсыныстың ұтымдылығы тек ұрықты  әкелуде емес. Біріншіден сала мамандарының біліктілігін арттырмақ. Яғни ветеренарларға  ұрықтандырудың заманауи әдіс-тәсілдерінен бастап, мал азығын әзірлеуді, оларды мөлшерге сай беруді, селекциялауды және өндіріске қою жолдарын оқытуда жәрдемдеспек.  

Толық циклді жүйені жүзеге асыру minitube үлгісіндегі зертханадан басталмақ. Оны іске қосу үшін дайын өндірістік база қажет екен. Әрі ол әуежайға жақын орналасуы шарт. Сонда әкелінген ұрықты дер кезінде егілсе, нәтиже көруге болады.

Басқарма төрағасы Дархан Серікұлы ғылыми  тұрғыда әріптестік орнатуға әрқашан әзір екендігін жеткізді. Алайда түлікті асылдандыру ісінде жергілікті ғалымдардың тәжирибесін ескерудің маңыздылығын атап өтті. Өйткені ірі қара мен қой селекциясы бойынша сәтті жүзеге асқан жобалар бізде де баршылық. Атап айтқанда «Еділбай» қойы, қазақтың «Әуелиекөлі» мен «Ақбасынан» асқан сиыр  тұқымы жоқ. Олардың гендік әлеуетін одан әрі жетілдірмесек, өзге тұқыммен шатыстыру бос әурешілік. Оған «Асыл Түлік» Республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығының талай жылдық тәжірибесі дәлел.   

 Ал шошқа шаруашылығында үйренеріміз бар. Себебі жануардың бұл түрін ұстайтын шаруалар өндірістік ауқымға шыға алмай жүр. Бірінші себеп асылдандыру ісі тұралап қалған. Бір кездері етті молынан беретін шошқалар ұсақталып, май басып кеткен. Ал «SUISAG» компаниясының аталмыш саладағы жетістігі баршылық. Мысалға «Дьюрок» тұқымы  күніне бір келіден салмақ қосады екен. Әрі май мөлшері өте аз.

Шошқа етін экспортқа шығара алмауымыздың тағы бір себебі зертханаларымыздың әлемдік стандартқа сай келмеуі. Ал Швейцария ет экспорты бойынша Европадағы көшбасшылардың бірі. Қытай нарығына шығу біздің басты мақсатымыз, бұл кез-келген шығынды ақтайтын ұлы жоба – дейді М.Эплимен.

  Сонымен қатар сүтті «Гольштейн»  сиырларын да дәл осы ғылыми орталық асындандырып, әлемге тарататын көрінеді. Демек «SUISAG» компаниясымен әріптестік орнату бірінші кезекте Қазақстанға тиімді болмақ. Ал Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы инновациялық жобаларды жүзеге асыруға әрдайым әзір..