Сенатта парламенттік тыңдауларға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтуде. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева бүгін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ және «Қазсушар» РМК басшыларымен кездесті.
Кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ә.Бектаев, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы С.Жақсыбеков, сенаторлар Р.Әкімов, Б.Еламанов, М.Жұмағазиев, Д.Мусин, А.Нұралиев, М.Тағымов, С.Плотников, М.Бортник, М.Жолдасбаев, Н. Жүсіп, Д.Нөкетаева қатысты.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев кіріспе сөзінде инвестициялық жобаларды агроөнеркәсіп кешеніне тарту мен жүзеге асырудағы негізгі проблемаларды атап өтті. «Kazakh Invest» басшысы салаға кері әсер ететін басты себептердің бірі ретінде инвесторларды қызықтыратын бос жер учаскелерінің жоқтығын атады. Проблемалардың қатарында сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алуға кепілдіктің жоқтығы, инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру және кепілді қамтамасыз етуге жоғары талаптар қойылатыны айтылды.
Сенат депутаттары талқылауға қызу қатысты және өз сөздерінде таяудағы ел аймақтарында сайлаушылармен кездесулердің қорытындылары туралы айтып берді. Атап айтқанда, түйе шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына инвестиция тарту мәселесі қойылғаны айтылды.
Д.Назарбаева талқылау қорытындысы бойынша шетелдік және отандық инвесторларға тең жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударды.
Кездесуде сөз алған «Қазсушар» РМК бас директоры Бақытжан Кемелбеков қатысушыларды кәсіпорынның жұмысымен таныстырып, еліміздің су шаруашылығының алдында тұрған мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.
Бас директордың хабарлауынша, «Қазсушарда» қазіргі кезде су шаруашылығының түрлі 4 703 нысаны бар, кәсіпорын бұл ретте барлық өңірлерге енгізілген бірыңғай тарифтің салдарынан шығынға ұшырап келеді. «Бізге берілген көптеген нысандардың жағдайы жақсы емес. Олардың ұстап тұру, тиісті қызметін атқару қымбат», - деді ол. Егер бұрын нысандар жергілікті атқарушы органдардың меншігінде болса, қазір олар «Қазсушардың» қарамағында болып отыр. Бақытжан Кемелбеков өз сөзінде меншікке беру кезінде оларды пайдалану тетіктері пысықталмағанын айтты.
Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі аса маңызды болып отыр. Б.Кемелбековтың бағалауынша, төтенше жағдай туындаған жағдайда 182 гидротехникалық құрылыс халыққа қауіп төндіретін болады, бұл мәселені шешу үшін 27191,7 млн теңге қажет.
Сенат Төрағасы талқылауды қорытындылай келіп, бүгінгі таңда гидротехникалық нысандарды мемлекеттік басқаруда проблема бар екенін, бұл нысандарды қаржыландыру, ұстау және пайдалануда орталық уәкілетті органдар мен өңірлік әкімдіктер арасындағы өзара қарым-қатынастар жүйесінің тепе-теңдігі бұзылғанын атап өтті.
Д.Назарбаева дағдарыс жағдайынан шығару үшін инвестицияларды тартуға қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді пайдалану, тұтынушылардың мүдделерін ескеруге және гидротехникалық объектілердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге сараланған тарифтер жүйесін әзірлеу, су шаруашылығы объектілерін пайдалану мәселелерін Аумақтарды дамыту бағдарламасына енгізу, салалық нормативтерді есептеу және су шаруашылығының тиімділігін арттыру технологияларын дайындауға қазақстандық ғылыми институттарды тарту сияқты шараларды үйлестіру қажет деп санайды.
«Өкінішке орай, біздің мемлекеттік мекемелеріміздің ғалымдармен бірлескен жұмысы қалыптаспай отыр. Ғалымдар көп біледі әрі ақпаратқа ие. Олар жер бетінде, жер астында және ауада не бар екенін біледі. Тек бұл ақпарат ешкімге қажет емес. Сонда оның нәтижесі қандай? Бір де бір мәселеге терең талдау жасалған жоқ. Әйтеуір бір кезде өз-өзін алдауды доғарып, өз ғалымдары мен мамандарына сеніп тапсыру керек», - деді Д.Назарбаева.
Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы шараның қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған өзекті мәселелерді зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.
Ақпарат көзі: http://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/1404