чт, 06/02/2022 - 16:18
Новости

2022 жылдың 2 маусымында ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Дархан Серікұлы Балпанов Алматыға келген жұмыс сапарында ҚазҰАЗУ-де болып, ЖОО басшылығымен, профессорлық-оқытушылар құрамы мен факультет декандарымен, жас ғалымдармен кездесті.

Кездесу аясында Қазақстанның аграрлық саласының ғылыми-білім беру мекемелерінің мемлекет және бизнеспен тұрақты өзара әрекеттесуінің бірыңғай операторы, ғылыми-білім беру орталығы болып табылатын ҰАҒБО мен оның еншілес ұйымдарының қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес дамыту мәселелері сөз болып, алдағы бірлесе атқарылатын іс-жоспарлар ауқымы қарастырылды.

 «Кеше Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына орай өткен жалпы мәжілісінің сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дамудың бірден-бір жолы ғылым екенін ерекше атап өтіп, адамзат баласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне және мемлекеттің қуаты ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенетінін, халықаралық аренадағы ықпалы да осыған байланысты екеніне тоқталды. Ол үшін, әрине, ұдайы ғылыми әлеуетімізді арттырып, үздіксіз ізденіп, бәрімізге ортақ биік мақсаттар қойып, жаңашылдыққа ұмтылып, бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруымыз қажет. Сол үшін өздеріңізге арнайы келіп отырмын», - деді Дархан Серікұлы өз сөзінде.

Иә, бүгінгі таңда әлемдік экономика, оның ішінде ауыл шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып, технологиялық бәскекелстікке шыдас берер инновациялық ғылыми ізденістер мен жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашылуда. Осы орайда, барлық салада озық жетістіктерге қол жеткізіп, алдыңғы қатарлы елдермен терезе теңестіру үшін отандық ғылымның халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес жүргізілуіне атсалысу бәріміздің парызымыз.

Өзіміз қатысқан академиядағы үлкен жиында Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым жүйесінде едәуір өзгерістер басталғанын және білм беру мен ғылымды басқару жүйесі әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі қажет екенін, университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтуды баса айтқаны көңілімізге сенім ұялатты. Білім беру жүйесін ғылыми-зерттеу орталықтарымен және өндіріспен біріктіру мәселесі басты назарда ұсталатыны және мемлекеттік қолдауға ие болатыны ЖОО-лардың автономды дамуына кең жол ашатыны ақиқат.

Сол сияқты, арнайы ғылыми зертханалар мен эксперименттік инфрақұрылымды күшейту үшін мақсатты гранттар бөлу арқылы жоғары білім беру зерттеу университеттеріндегі ғалым-зерттеушілерді қолдау да күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Жаңа Қазақстанның инновациялық экономикасын құрудың негізі болып саналатын ауыл шаруашылығы саласына білікті кадрлар даярлау ісі де осы тақырыптармен өзектес.

Осы арада айта кету керек, Қазақстандағы аграрлық білімнің көшбастаушысы болып табылатын Қазақ мемлекттік аргарлық университетінің даму бағдарламасы халықаралық ғылыми қоғамдастықпен жүйелі ынтымақтастық орнату арқылы жүзеге асырылып келеді. Білім, ғылым және өндірісті интеграциялау, жобаларды басқарудың халықаралық стандарттарына негізделген ұлттық жоғары оқу орнына трансформациялану үдерісі өз нәтижесін беріп, 2020 жылғы 23 қазанда Үкімет қаулысымен «зерттеу университеті» мәртебесіне ие болдық.

Қазіргі уақытта университет әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізеді. Жоғары білім және ғылым бойынша 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі болып табылады. Университет ТМД елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесінде, Алматы аймақтық ректорлар Кеңесінде төрағалық етеді.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету үшін, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу мақатында Халықаралық агротехнологиялық Хаб құрылған. Агрохабтың құрамында: АҚШ, Нидерланды, Франция, Оңтүстік Корея сияқты т.б. елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған 11 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Зертханалар халықаралық агенттіктермен аккредиттелген және өзге де жоғары оқу орындары, ҒЗИ мен агроқұрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына есігі ашық.

Сондай-ақ, АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің жетекші серіктес жоғары оқу орындарымен 11 қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды пайдалана отырып, су ресурстарын басқару» қос дипломды магистрлік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар бойынша QS әлемдік рейтингінде № 1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген (Нидерланд) зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алады.

Білім беру жүйесінде бірқатар үлкен жетістіктерге жетіп, QS-2023 әлемнің үздік университеттері рейтингісінде 481 орынды иелендік. Университет QS WUR-2022 пәндік рейтингінде алғаш рет «Ауыл шаруашылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша топ-401-ге кірді. Ендігі мақсатымыз – QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет атану.

Алайда, ҰАҒБО Басқарма төрағасы Дархан Серікұлы атап өткендей, еліміздегі ауылшаруашылық саласында сапалы, білімді мамандардың әлі де жеткіліксіз екені, шешімін күткен проблемалардың да аз емес екені рас. Олар ғылыми-білім беру орталығы мен оның еншілес ұйымдарының бірлесе жұмыс істеуі мен ақылдаса алға жылжуының нәтижесінде біртіндеп шешіледі деп ойлаймыз.

Сондықтан, жаңа заман сұранысына жауап беретін «білім беру – ғылым –өндіріс» кластерін құрып, жаңа буын кадрларын даярлауда жауапкершілігі мол осы күрделі міндетті жүйелі жүзеге асырып келе жатқан қара шаңыраққа Дархан Балпанов әріптесіміздің арнайы келіп, ҚазҰАЗУ-дың ұстаз-ғалымдарымен әңгіме өткізіп, қойылған сауалдарға ашық жауаптар қайтаруы бәрімізге жаңаша серпіліс беретініне кәміл сенімдіміз.