вт, 06/07/2022 - 13:05
Новости

Елімізде арпа ауыл шаруашылығы дақылдар арасында егістік көлемі бойынша бидайдан кейін екінші орында тұрады. Арпа әртүрлі мақсатта қолданылатын әмбебап дақыл. Ол мал шаруашылығында бағалы жемазық ретінде, азық-түлік түрінде, сыра қайнату өнеркәсібінің негізгі шикізаты ретінде пайдаланылады. Алайда, Қазақстанда арпа өсіру шаруашылығы осы дақылға сұраныстың тек 30-40% ғана қамтамасыз етеді. Осыған байланысты, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша әзірленген тұжырымдамада сұранысы жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру көлемін арттыру мақсат етіп қойылды. Арпаның мол өнімін өндірудің басты көздерінің бірі жаңа интенсивті сорттарын шығару. Арпа селекциясымен айналыстан басты мекемелер Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы, Красноводопад, Қарабалық және Қарағанды тәжірибе стансасы. Осы мекемелердің ғалымдары селекция жұмысымен қатар  түпнұсқалық және элиталық тұқымдардың өндіріс деңгейін жоғарылатумен айналысады.

Арпа селекциясы жемдік, азықтық және сыра қайнату бағыттарында пайдалануға жарамды сорттар шығарумен айналысады. Арпаның жемдік бағытына арналған сорттарын шығаруда басты мақсат астықтың өнімділігі мен жемдік сапасын арттыруға бағытталған. Арпаның жемдік бағытына арналған сорттары негізінен Қазақстанның оңтүстік-шығысында және батыс пен солтүстіктің суарылмайтын жерлерінде өсіріледі.

Сыра қайнатуға араналған арпаның негізгі мақсаты - өнімділікті арттырумен қатар астықтың сапасын жақсарту. Сыра қайнатуға арналған арпа дәнінің құрамында ақуыздың мөлшері аз болуы керек (11,5%), крахмалдың мөлшері 64,0% жоғары, экстрактивті заттардың мөлшері 76,0% жоғары және дәндегі қабықтың үлесі 9,0%-дан аспауы керек.

Арпаның азықтық бағыты үшін негізінен жалаңашдәнді арпаның сорттары қолданылады. Жалаңашдәнді арпаның стратегиялық артықшылығы  - жалаңашдәнді  арпа  дәні бидай дәні сияқты тұқымдық қабықпен қапталмайды, қабықты арпаның дәніне қарағанда, қатты қабықтан оңай бөлінеді.

Еліміздегі танымал селекционерлердің нәтижелі еңбектерінің арқасында жыл сайын арпаның жаңа сапалы сұрыптары мен тұқымдары өндірілуде. Мысалы, тек Қазақ ЕӨШҒЗИ белгілі селекционер ғалымы Бөрібай Сариевтің жетекшілігімен  соңғы 30 жыл ішінде жемдік арпаның: «Сәуле», «Жұлдыз», «Ақжол», «Жан», «Шынар», «Ілек 9», «Ілек 16», «Ілек 20», «Сымбат», «Құралай», «Елік», «Сыр-Аруы», «Айдын», «Бірлік 20» сорттары; сыра өндірісіне арналған арпа; «Арна», «Әсем», «Каз-Суффле 1», «Сусын», «Север 1», «Улар», «Қымбат», «Тұран 2» сорттары шығарылып, аудандастырылды және азықтық бағытына арналған «Голозерный 62» сорты ҚР АШМ мемлекеттік сорт сынау комиссиясына 2020 жылы тапсырылды. Жаздық арпаның 7 сорты («Арна», «Азық» «Шынар», «Север 1», «Сусын», «Аргул», «Экспо 17») Қырғызстан Республикасында аудандастырылған.

Бұл сорттар бүгінде Республикадағы өндіріс жағдайында 525 мың гектардан астам егістікті алып жатыр, бұл Қазақстанның арпа егіс көлемінің төрттен бірін құрайды.

 

арпа