2020 жылдың 9 наурызында Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, доцент, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Кантуреев Мансұр Тасыбайұлы дүниеден өтті.
Кантуреев Мансұр Тасыбайұлы 1970 жылдың 9 қаңтарында дүниеге келген. 1995 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын гидромелиорация, мелиорация инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. 2003-2006 жылдары Санкт-Петербург мемлекеттік политехникалық университетінің докторантурасында оқып, 2009 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
1995 жылдан 1997 жылға дейін Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Ауыл шаруашылығы экономикасы кафедрасында жетекші инженер, кіші ғылыми қызметкер, ассистент болып қызмет атқарса, 1997-2003 жылдары Нарықтық инфрақұрылым кафедрасында аға оқытушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Экономика және маркетинг факультеті мен Қаржы және экономика факультеті деканының орынбасары болып жұмыс істеді. 2006-2008 жж. - М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті экономика кафедрасының доценті, 2008-2010 жж. - І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Қаржы-экономика факультетінің деканы.
2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс, инновациялық технологиялар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болып тағайындалды. 2016 жылдан бастап жастар саясаты және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор.
М.Т. Кантуреевтің 100-ден астам ғылыми еңбегі жарияланған: монографиялар, ұсыныстар, республикалық және халықаралық деңгейдегі мерзімді басылымдарда (журналдарда), халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың материалдарында басып шығарылған мақалалар.
Мансұр Тасыбайұлы бүкіл өмірін еліміздің игілігі жолында қызмет етуге арнады. Жұмыста оны іскерлік қасиеттері үшін сыйласа, ал үйде қамқорлығы мен төзімділігі үшін бағалады. Мансұр Тасыбайұлының жарқын бейнесі оны білгендердің барлығының жүрегінде мәңгі сақталады.