Елімізде көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Мемлекет төтенше жағдайға қарамастан,шаруаны арзан дизель отынымен, пайызы төмен қаражатпен қамтамасыз ететін болды. Азық-түлік қауіпсіздігі үшін өнімнің кейбір түрлерін шекарадан өткізуге тыйым салынды. Десе де, экспортқа тыйым салу кәсіпкерлер арасында екіұдай дау туғызған. Біреулер шектеу дұрыс деп санаса, екіншілері оның кері әсерін көп айтуда. Одан бөлек, карантин талаптарына орай, өндірушілер мен фермерлер тарапынан туындаған сұрақ та көбейді. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен арнайы сұхбат құрып, көкейдегі көп сауалға жауап алғанды жөн көрдік
– Сапархан Кесікбайұлы, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өткізуге дайындығымыз қалай болып жатыр? Өңірлерде шаруаларды тұқыммен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету көрсеткіші қандай?
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс науқанын уақытында, сапалы жүргізуге тапсырма берді. Жалпы, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 22,5 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 238 мың гектарға артық. Бүгінгі күні барлық дайындық жұмысы жүргізілгенін атап өткім келеді. Шамамен алғанда 2,5 тонна тұқым себілді, оның ішінде дәнді дақылдар – 1951,3 мың тонна, майлы дақылдар – 90,4 мың тонна, жем-шөп – 17,8 мың тонна, картоп – 426,7 мың тонна.
2020 жылғы 8 сәуірдегі жағдай бойынша тексеруге 1 142 мың тонна дәнді дақылдар тұқымы келіп түсті. 1 016 мың тоннасы тексерілді (89% қолда бар). Кондицияға 95% сәйкес келеді, 47 мың тонна немесе 5% кондицияланбаған деп танылды.
Ал тыңайтқышқа келер болсақ, облыстардың жергілікті бюджетінде 480 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік бар. Оған қосымша 54 мың тонна тыңайтқыш сатып алуға республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлініп отыр.
Осы орайда айта кетейін, биылдан бастап тыңайтқышқа бөлінетін қаражат көлемін көбейткелі отырмыз. Өйткені алынатын өнім көлемін көбейту үшін тыңайтқыш қажет. Бүгінгі күні тыңайтқыштың керек мөлшерінің 18%-ын қолданамыз. Ал Ресей мен Беларусьте оның мөлшері 50%-дан жоғары. Біз де осы деңгейге жетуіміз керек.
– Елімізде картоп тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылықтар бар. Дегенмен көкөністің өзге түрлерінің тұқымын негізінен шетелден сатып аламыз. Көкөніс тұқымдары шаруашылығын өзімізде дамытуға қандай да бір кедергі бар ма?
– Дұрыс айтасыз, қазір елімізде картоп тұқымын өндірумен 6 оригинатор, 9 элиталық тұқым шаруашылығы және 22 тұқым шаруашылығы айналысады.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша, аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілері 2020 жылдың өніміне сорт ауыстыру және сорт жаңарту үшін 38,6 мың тонна картоп тұқымын өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артық. Негізінен шетелдік селекция үшін картоптың азғантай бөлігін импорттаймыз. Мәселен, былтыр 2,3 мың тонна тұқым алдық, ол алдыңғы жылғы көрсеткіштен 1,7 мың тоннаға аз.
Десек те, көкөніс дақылдары бойынша импорттың үлесі жоғары. Оған себептің бірі аттестатталған тұқым өндірушілер санының жеткіліксіздігі, сондай-ақ мамандандырылған тұқым шаруашылығы техникасының болмауы. Екіншіден, көкөніс тұқымы шаруашылығы үшін озық технология, білікті мамандар қажет.
Ол бағытта да жұмыс жүргізіліп жатыр. Республика бойынша «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС көкөніс дақылдары сорттарының селекциясымен айналысады. Өз тарапымыздан шаруашылықтар сатып алған тұқым шаруашылығы техникасы мен тазалау-сұрыптау жабдықтарының 25%-ын өтеп беру шарасын қабылдадық. Оған қоса өндіріске озық технология енгізу мақсатында шетелдік компанияларды тартуды пысықтап жатырмыз.
– Президент көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынын нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен жеткізуді тапсырды. Жергілікті атқарушы органдарда бұл тапсырма қалай орындалып жатыр? Арзан отын барлық өңірде шаруаның қолына жетті ме? Сіздердің министрлік жағдайды қалай бақылап отыр?
– Жанар-жағармай мәселесіне келер болсақ, Президент тапсырмасы бойынша дизель отынының бағасы қазір тоннасы 165 теңгеден босатылуда, яғни 19 теңгеге арзан. Егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін ақпан-маусым аралығына 387 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Барлық облыста операторлар анықталды, сол бойынша жұмыс басталды. Дегенмен сіздің сұрағыңыз бойынша айтар болсам, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі осы бағыттағы жұмысты бірден тиімді нәтижемен бастап отыр. Яғни, жеңілдікпен берілетін дизель отыны бағасы нормативте 165 теңге деп бекітілген болса, аталған екі өңірде баға – 158 және 159 теңге. Демек, жергілікті билік отынды жеткізуші операторлармен тиімді шарттар жасаса білген деген сөз. Ал негізінен бүгінгі күні барлық облыста жұмыс қолға алынды. 13 сәуір күнгі көрсеткішпен айтсақ, 387 мың тонна дизель отыны бойынша 147,4 шарт жасалып, 146 мың тоннаның (38%) қаржысы төленген. 120,7 мың тонна отын шаруаларға жөнелтілді. Министрлік пен жергілікті әкімдік бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстайды.
– Дегенмен диқандар карантиндік шектеулерге байланысты қойылған блок-бекеттер жұмысқа кедергі келтіріп жатқанына шағымданып жатыр. Тіпті, кейбір өңірде фермерлер әлеуметтік желі арқылы «биыл егістік екпейміз» деген ренішін жолдап үлгерді. Егер шынымен осындай жағдай орын алса, күзде өнімсіз қалмаймыз ба?
– Әрине, карантинге байланысты жүріп-тұру қозғалысты шектеді. Себебі карантиндік талаптың көздейтіні – қауіпсіздік мәселесі. Адам денсаулығы алғашқы орында болуы керек. Дегенмен ауылдағы шаруаның қазіргі күйіп тұрған жұмысын да ескеруіміз керек. Көктемгі дала жұмысы күтіп тұрмайды. Рас, басында түсінбеушіліктер болды. Мұндай республика бойынша төтенше жағдайдың енгізілуі де елімізде алғаш тіркеліп отыр ғой. Сол себепті де, кейбір өңірлерде кемшіліктер орын алды. 15 сәуір күні Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, осы жайттар қаралды. Біздің министрлік комиссия отырысында «әр облыста жедел топтар құрылса» деген ұсыныс енгізіп, ол қабылданды. Ол жедел топқа барлық әкімнің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарлары, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері және Фермерлер одағының адамдары кіреді. Барлық проблемалық сұрақтар күнделікті осы жедел топта қаралып, шешім қабылданады. Қарағанды облысында ондай топ құрылып, жұмысын бастап та кетті. Енді басқа өңірлер де жедел қолға алады деп сенеміз. Себебі жергілікті атқарушы орган өкілдері өз аймағындағы фермерлерді жақсы біледі. Ешқандай құжат сұрамай, бірден шешім қабылдауға дұрыс болады деп ойлаймыз. Жеке куәлігі болса болды, сол бойынша блок-бекеттерден өткізіп отыруы тиіс. Қазір біздің министрлік бойынша жедел штаб құрылған. Ол жедел штаб call-орталықтар,WhatsApp-топтар арқылы жылдам хабар алып, жұмысты реттеуге көшті. Барлық облыста электрондыпорталдар ашылған. Осы портал арқылы тапсырыстар беріліп, қозғалыс реттелуі тиіс. Десе де, карантиннің аты – карантин. Талаптарын мүмкіндігінше сақтауға тырысамыз.
Яғни, осыдан жарты ай бұрын Орталық Азиядағы елдер біздің ұнның бір тоннасын 320 долларға сатып алатын. Қазір баға тоннасына 360 доллардан асты.Нарықты қарап, біліп отырмыз. Бидай мен астықты экспортқа шығарумен айналысатын компаниялар да көбейді. Олардың ішінде бұрын не бидай екпеген, не ұн өндірмеген компаниялар да бар. Демек, сұраныс артқан сайын қызығушылық көбейетіні сөзсіз. Айқай шығарып жүргендер де солар.
– Жалпы, коронавирус пандемиясына байланысты министрлік азық-түліктің бірнеше түрінің экспортына шектеу енгізді. Алайда экспорттаушылар бұл шешіммен келіспейтінін айтып дабыл қақты. Алдымен астыққа қатысты, кейіннен орамжапырақ пен пиязға қатысты шу шықты. Шектеу не себепті енгізілді және өнім өндірушілердің мәселесі қалай шешіледі?
– Бірден айтайын, экспортты шектеу – оңай шаруа емес. Әлемде жаппай жайылған індеттен соң әр мемлекет сақтық шарасын жасауға көшті. Ең басты міндет – азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету. Сол мақсатта экспорттық шектеулер қойып отырдық. Алдымен, қырыққабат, пиязға қатысты шектеулер туралы айтайын. Карантин жарияланған кезде еліміздегі орамжапырақ, пияз, сәбіз секілді көкөністің екі айға ғана жететін қоры болды. Егер сол кезде шектемесек, бірден шетелге сатып жіберіп, өзімізде тапшылық болар еді ғой. Ал ерте пісетін орамжапырақ жаңа өнімін алғанға дейін уақытша бір ай болсын, шектеу қажет болды. Оңтүстіктегі өнімнің шыққанына көп бола қойған жоқ. Осы жаңа өнімді жинау басталып, көлемі анықталған кезде шектеуді алып тастадық. Бірақ сол екі ортада шу шығып үлгерді. Әрине, ол шаруашылық иелерін де түсінуге болады. Олар – жыл сайын шетелге сатып, пайда тауып отырғандар. Дегенмен ең бірінші мақсат ішкі нарық болуы тиіс. Қазір облыстардан тапсырыстар түсті. 50 мың тонна орамжапырақты өзіміздің өңірлер сатып алады, қалған 250 мың тонна өнімді Ресейге сатуға рұқсат берілді.
Министрлік тарапынан 2 сәуірде жекелеген тауарларды сыртқа сатудың кейбір мәселесіне байланысты арнайы бұйрық шықты. Бұйрыққа сәйкес, картоп тұқымы экспорты бойынша осы айға квотаның көлемі – 10 000 тонна, сондай-ақ тазартылмаған күнбағыс майында да квота 10 000 тонна деп бекітілді. Экспортқа рұқсат етілген өнімдерге фитосанитарлық сертификат беріледі. Бүгінгі күні фермерлер мен экспорттаушыларға 5 мың тонна пияз экспортына 220 сертификат, 240 тонна сәбіз экспортына 14 сертификат, 7,2 тонна орамжапырақ экспортына 310 фитосанитарлық сертификат берілді.
– Ал астық дақылдары, оның ішінде бидай мен ұн экспортына шектеуге қатысты экспорттаушылар Президенттің атына үндеу хат жолдады. Бұл мәселе бойынша сіздердің министрлік қандай шешім қабылдады?
– Біз бұл сұрақты астық одағы және бидай өңдеуші кәсіпорындар өкілдерімен талқыладық. Ақыры бидайға да, ұнға да шектеу енгізу керек деген шешімге келдік. Астық дақылдарын сыртқа сататындарға, әрине мұндай шектеу ұнамайды. Себебі коронавирус пандемиясынан кейін көп мемлекет, әсіресе азық-түлік импорттаушы елдер астықты көп сатып ала бастады. Нарықта дүрбелең туып, азық бағасы көтерілді. Мәселен, жақында жаңалықтардан көрген боларсыздар, Қырғыз Республикасының депутаттары өздерінің үкіметіне Қазақстаннан келетін ұнның қымбаттап кеткені туралы сауал жолдады. Яғни, осыдан жарты ай бұрын Орталық Азиядағы елдер біздің ұнның бір тоннасын 320 долларға сатып алатын. Қазір баға тоннасына 360 доллардан асты. Нарықты қарап, біліп отырмыз. Бидай мен астықты экспортқа шығарумен айналысатын компаниялар да көбейді. Олардың ішінде бұрын не бидай екпеген, не ұн өндірмеген компаниялар да бар. Демек, сұраныс артқан сайын қызығушылық көбейетіні сөзсіз. Айқай шығарып жүргендер де солар. Бұрын айына экспортқа 120 мың, ары кетсе 150 мың тонна тиеп жүретінбіз. Мамыр айында да сол көлемде сатуға рұқсат береміз. Ал мына дүрбелеңді пайдаланып, айына 200-300 мың тонналап сатқысы келетіндер бар, оған жол берілмейді.
– Демек, бұрын бидай екпей, ұн өндірмей келіп қазіргі сұранысты пайдаланып, экспортпен айналыса бастағандар көбейсе, бұл салада көлеңкелі бизнес бар дегенді білдірмей ме? Мұндайға жол бермеу үшін Сіздердің министрлік тарапынан қандай да бір бақылау, реттеу жасалуы керек қой…
– Біз енгізіп отырған шектеу де осының алдын алуды көздейді. Қазір бидайды экспорттаудың жаңа ережелерінің бірі – экспорттаушы лицензияланған элеваторда астықтың көлемін міндетті түрде растауы қажет. Оның нақты экспортқа және ішкі нарыққа арналған санын біз білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, кейбір элеваторлар мен астық қабылдайтын кәсіпорындар лицензия алуды қаламайды.Сондықтан олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тіркелмеген, олардағы астықтың қорын, қозғалысын біз бақылай алмаймыз. Алайда лицензия алғысы келмейтін кейбір элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындары бар. Неліктен? Өйткені қанша бидай қабылдағанын және қанша бидайды экспорттағанын көрсеткісі келмейді. Жоғарыда өзіңіз айтқан үндеу хатты жазғандардың көпшілігі – осы лицензиясыз жұмыс істейтін кәсіпорындар мен элеваторлар. Ал елдегі төтенше жағдай кезінде сол лицензиясы жоқ элеваторлар мен кәсіпорындар, Ресейдің шекаралас облыстарынан заңсыз импортталған бидайды заңдастырып, мысалы квоталарға сәйкес экспортқа шығаруы мүмкін еді. Дегенмен бидай экспортына шектеу енгізу кезінде біз квоталарға өтінімді салалық бірлестіктер – «Қазақстанның Астық одағы» және «Қазақстанның астық өңдеушілер одағы» арқылы қалыптастырамыз. Астықты лицензияланған элеваторда сатылатын астық көлемін растай алатын кәсіпорындар ғана шығара алады.
– Еліміздің астық қоры туралы ақпарат әртүрлі. Мәселен, таза бидай дақылының сақталған көлемі туралы нақты мәлімет бере аласыз ба?
– Астық қоры туралы ақпараттың әртүрлі болатын себебі, ол – халықтың күнделікті тұтынатын өнімі. Ішіп-жемнен бөлек, астық дақылы мал азығына, өндіріске, экспортқа тоқтаусыз жөнелтіліп жатады. Сол себепті де ақпарат күнделікті өзгеріп отырады. Сізге 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша айтсам, республикада 7,7 млн тонна астық дақылы бар. Оның ішінде қатты бидай, жұмсақ бидай, арпа, қарақұмық және т.б дақылдар бар. Ал таза бидайдың көлемі – 3,8 млн тонна. Оның 1,8 млн тоннасы тұқымдық бидайға қажет. Жобамен ішкі нарыққа 600 мың тоннасы кетеді. 500 мың тонна азаймайтын қор, яғни оған мүлдем тиіспеуіміз керек. Осының барлығын есептей келе, 3,8 млн тонна бидайдың 1 млн тоннасын ғана экспортқа шығаруға рұқсат деген қорытындыға келіп отырмыз.Бірақ ол көлемді бірден бір айдың ішінде сатуға рұқсат бере алмаймыз. Ол квота арқылы біртіндеп сатылуы тиіс. Қалай десек те, біз бірінші кезекте өз нарығымызды қамтамасыз етуді ойлауымыз керек.
– Экспортқа шектеу демекші, осы жылдың басында тірі мал экспортына қатысты тыйым шыққан кезде де Ет одағы бірлестігі министрлік шешімімен келіспейтіндерін білдірді. Сіздердің тараптан жасалған шектеулердің өнім бағасына, өндіріс көлеміне қаншалықты әсері болды?
– Айта кету керек, тірі малды экспортқа шығаруға тыйым салуды енгізуге дейін малды жапай шығару кезеңінде еттің орташа бағалары келісіне 2000-2200 теңге болды.Тыйым салуды енгізу нәтижесінде ет бағасы едәуір төмендеп отыр. Мәселен, сәуірдегі жағдай бойынша республикада сиыр етінің орташа бағасы 1 871 теңге болды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 2 150 теңге, Алматыда – 2 169 теңге, Шымкентте – 1 904 теңге, Түркістанда – 1 910 теңге.Көріп отырғанымыздай, малды шығаруға шектеуді енгізу – бағаны тұрақтандыруға оң әсерін тигізді және халықтың етке қолжетімділігі арта түсті. Одан бөлек, тыйым салу кезеңінде ет өндеуші кәсіпорындардың жүктемелігі 5 %-ға көбейді. Дегенмен бұл көрсеткіш әлі төмен деңгейде. Ет өндеуші кәсіпорындардың орташа жүктемелігі 45 % немесе 113 мың тона (құс етін қоспағанда) өнделген. Бұл көрсеткіш жалпы ет көлемі өндірісінің 13%-на тең.
– Ауыл шаруашылығы өнімін субсидиялаудың ережесі мен нормалары өзгеріп жатыр. Бұл өзгерісті де қабылдамай жатқандар бар. Мәселен, жыл басында жұмыртқа өндірушілер дауы шықты…
– Сіздер мынаны түсініңіздер, субсидияға өзгеріс енгізілгенде шаруалардың жағдайын қиындататындай өзгерістер енгізілген жоқ. 2017-2021 жылдарға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасында жазылғандай, жүйелі түрде ережелер енгізіліп жатыр. 2019 жылы тауарлы-спецификалық субсидия деген енгізілді, яғни 1 литр сүтке, 1 дана жұмыртқа берілетін субсидия түрі. Ол бағдарлама бойынша «2019 жылы өсімдік шаруашылығында, 2020 жылы мал шаруашылығы бойынша тауарлы-спецификалық субсидиядан кетуіміз керек» деп көрсетілген бағдарламада. Жоспар бойынша шешім қабылданды, жаңадан ойластырған жұмыс емес.
Рас, жұмыртқаға қатысты шу шығып, қоғам талқысына түсті. Бұған дейін әрбір дана жұмыртқаға 3 теңгеден субсидия беріліп келді. Жұмыртқамен ішкі нарықты 110% қамтамасыз ететін жағдайға жеттік, экспортқа шығара бастадық. Енді субсидияға өзгеріс енгізу керек қой. Сондықтан әр жұмыртқаға берілетін субсидияны тоқтатып, тауыққа берілетін жемге, оның қоспасына субсидия енгіземіз деп шешім қабылдадық. Жем-азық дақылдарын субсидиялау арқылы дамытуымыз қажет. Дегенмен мынандай пандемия жағдайына тап келгендіктен, бір жылға жұмыртқаның субсидиясын қалдыратын болдық. Себебі жұмыртқа өндірушілер көптеген қажетті затты шетелден сатып алып отыр. Әсіресе, тауыққа берілетін жемге қоспаның түрлерін сырттан аламыз, коронавирусқа байланысты оны жеткізу қиындады. Сондықтан қолдау көрсету қажет. Бірақ бұрынғыдай ол әр данасына 3 теңгеден берілмейді, 1,1 теңгеден төленеді.
– Жұмыртқадан басқа қандай өнімге субсидия қалдырылды? Қайсысы алынып тасталды?
– Биылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған күріштің және шитті мақтаның 1 тоннасын субсидиялау шаралары алынып тасталды. Ал дәндік жүгері мен қант қызылшасын өндіруге жұмсалған шығындар ішінара өтеледі. Тұқым шаруашылығына келсек, элиталық және бірінші репродукциялы тұқымды, сондай-ақ элиталық көшеттерді сатып алу субсидияланады. Тыңайтқыштарды субсидиялау механизмі өзгерген жоқ.
Қазіргі күні мақтаның әлемдік нарықтағы, биржадағы бағасы төмендеді. Ал күріш дақылы бойынша ішкі нарықтың 97% қамтитын жағдайға жеттік. Десе де, оларды өсіруді мүлдем тоқтатамыз деген сөз емес. Биылдың өзінде Қызылорда облысында 88,2 мың гектарға күріш егіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, Сыр өңірінде биыл өнім көлемін әртараптандыру мақсатында 290 гектарға соя дақылы, 200 гектарға қант қызылшасы және 164 гектарға жеміс-жидек егіледі. Сондай-ақ күріш және мақта бойынша 2019 жылғы төртінші тоқсанда өткізілген (тапсырылған) өнім шығындарын ішінара өтеуге субсидия бөлінеді.
Екіншіден, биылдан бастап сүт шаруашылығын дамыту үшін субсидия қарастырылады. Сүт өңдеу, сапасын жақсарту жағына көңіл бөлінеді. Жылына 25 тауарлы сүт фермалары салынуы тиіс. Бұл жобаларға инвестициялық субсидиялар қарастырылады.
Үшіншіден, ұсақ мал шаруашылығына бұрын көп көңіл бөлінбей келді. Қазір оны қосып отырмыз. Себебі қой етін экспорттауға әлеуетіміз көп. Оның үстіне қой етіне сұраныс та артуда. Оңтүстік облыстар, Жезқазған, Торғай даласы қойды көбейтуге ыңғайлы, тұрғындары да ұсақ мал өсіруге бұрыннан бейімделген. Осыны ескере келе, қой шаруашылығын да басты назарда ұстап, қаржыландыру көлемін ұлғайтсақ деп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, қой шаруашылығында барлық бағыт бойынша субсидиялау нормативі көтеріледі.Сондай-ақ шетелдік асылтұқымды аналық қой басын, эмбриондарды сатып алу бойынша жаңа бағыттар енгізіліп жатыр.
– Мемлекет басшысы агроөндірісті қолдау мақсатында биыл екі бағытта қаржы бөлуді тапсырды. Жеңілдетілген үстеме пайызбен берілетін қаражатты жеткізудің механизмі қандай?
– Президент тапсырған бұл қаржыға келер болсақ, республикалық бюджеттен бөлінетін 70 млрд теңгенің 90%-ы «Аграрлық несие корпорациясы» мен екінші деңгейлі банктерге берілді. Осы екі жүйе арқылы қаражат беріліп жатыр. Одан бөлек несие серіктестері арқылы да ұсақ шаруашылықтарды қаржыландыру тетігі іске қосылды. Ол қаржының сыйақы мөлшерлемесі 5%-дан аспауы тиіс. Қазіргі сәтте 2,5 мың ауылшаруашылық тауар өндірушілері 63 млрд теңгеге несие алды.Бұдан басқа, Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде де қосымша 100 млрд теңге қарастыруды тапсырған. Субсидиялауды есепке алғанда, бұл бағдарлама арқылы берілетін қаражаттың да жылдық сыйақысы 6%-дан аспайтын болып белгіленді. Бұл елімізде алғаш рет жасалып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына бұрын қаражат бөлінбеген болатын. Төтенше жағдайды ескере отырып, Үкіметке аталған бағдарлама бойынша қосымша қаржы қарастыруды тапсырған. Бұл қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы беріледі. Бір сөзбен айтқанда, биыл дағдарысқа қарамастан, агроөндірісті қаржылық қолдау тұрғысында барлық жағдай жасалып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бауыржан БАЗАР
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/37378-2/