Fri, 06/19/2020 - 01:15
Новости

КҮЗДІК БИДАЙҒА ОРАҚ ТҮСТІ

⏪Өткен 2019 жылдың қазан айында Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пәзілбек Қажы» шаруа қожалығында Қаратау бөктерінде 80 га жерге күздік бидайдың Казахстанская-10 сорты егілді. 18 маусым күні институт ғалымдары мен шаруашылықтың жасаған нәтижелі жұмыстарын көру үшін облыс шаруашылықтары арнайы келді. Сонымен бірге күздік бидайға орақ түсу рәсімін ресми тамашалады. Тың технологияның тегеуріні ынталыларды бір серпілтті.
?Себуге дайындалған тұқым сауықтыру мақсатында Cабақтас, Аминопул препараттарымен өңделді және тұқым көпжылдық аквагель ылғал жинағыш, ылғал сақтағышымен бірге себілді.

?Казахстанская-10 сорты.
Жұмсақ, күздік немесе жаздық бидай есебінде егуге болатын, орташа мерзімде пісетін сорт. Жатып төгіліп қалуға төзімді. 1000 дәннің массасы 33-43 г. Лютесценс бағалы бидай тобына жатады. Сорт ауруларға төзімді.
Сорт тұздылыққа шыдамды. Биіктігі кем дегенде 75 см. Дәндегі ақуыздың мөлшері – 13%, әлеуетті өнімділігі – 28,0-80,0 ц/га. Алматы облысының суармалы жерінде гектарына 80 ц өнім берген.

?Аквагель туралы бірер сөз.
Аквагель крахмалдан дайындалған майда түйіршіктер. Ол өзінің массасынан 500 есе артық суды бойына сіңіріп, өсімдікті қажетті ылғалмен бірнеше жыл бойы қамтамасыз етеді. Әлемдегі озық технология қатарына жататын бұл тәсіл ауыл шаруашылығында, әсіресе тәлімі жерлерде дәнді және малазықтық дақылдардан мол өнім алуға мүмкіндік жасайды. Бұл технология Қызылорда облысында Қаратау бөктерінде бос жатқан тәлімі жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге тиімді пайдалануға өте ыңғайлы.

?Аквагелді қолдану және оның әсері.
Аквагель түйіршіктері дақыл тұқымдарымен бірге белгілі тереңдікке негізделген арнайы сепкіштермен орналастырылады. Топыраққа сіңірілген препарат су ерітіндісін қоректі заттармен бірге бойына жинап сақтайды. Дақыл өзінің өсу дәуірінде қажетті ылғалды «Аквагель» препараты арқылы тиімді алып отырады. Аквагель препараты резинке, губка сияқты ылғалды беріп, ылғалды сіңіріп дақыл піскенше ылғалды тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Өсімдікке қажетті ылғал мөлшері топырақ – климат жағдайына тікелей байланысты. Аквагель бұл көрсеткішті өзгерте алмайды, дегенмен ылғалдың сол мөлшерін тиімді пайдалануға әсер етеді. Ылғалдың тиімсіз тарап және буланып ұшып кететін мөлшерін аквагель бойына сіңіріп (микродозаторлы) өсімдікке қажет кезінде беріп отырады. Бұл «қажет кезінде пайдаланатын су» өсімдіктің қорек пайдалануына да көп әсерін тигізеді.
Енді, нақты сіз бен біз үшін өте құнды жүйелі әдіске назар аударсақ.

?Топырақ өңдеу

Тұқымды себер алдында ПН-8-35 соқасымен жер жыртылды, сонынан ауыр дискімен дискіленіп, тоң кесектері майдаланып, ізінше екі қатарлы тырмамен тырмаланды.
Тұқым себу мерзімі, мөлшері
Топырақ өңдеу жұмыстары аяқталысымен қазан айының 29-30 күндері СЗТ-3,6 сепкішімен гектарына 4,5 млн дана дән себілді. Топырақ ылғалдылығы жеткілікті болған жағдайда қыркүйек айынан бастап егуге болады.

?Тұқым себу әдістері, тереңдігі

Дәнді дақылдарды жай қатарлы әдіспен себеді. Аквагельмен бірге сепкенде препаратты 1:1 мөлшерінде құммен араластырып, көпжылдық шөптер себетін жәшікке салады, сонда ғана аквагель тұқыммен бірге бір қатарға түседі. Өсімдік ары қарай өсу дәуірінде Аквагель препараты жинаған ылғалды тиімді пайдаланады. Тұқым да Аквагель де 4-5 см тереңдікке себілді. Соңынан таптағышпен тапталды.

?‍?Егісті күтіп-баптау

Егістік тың жерге (біраз жылдар бойы егіс егілмеген учаске) егілгендіктен арамшөппен көп ластанған жоқ. Қыс бойы дәннің өнуі, өсуіне бақылау жасалды.
Ерте көктемде (наурыз айында) егістік азот тыңайтқышымен (аммиакты селитрасы) гектарына N30 әсер етуші заты бар), магнийлі нитратпен үстеп қоректендірілді. Сәуір айында Ғ100, Экстрасол, Аминопул препараттарымен, ал аурулар мен зиянкестерге қарсы Колоссаль Про, Борей инсектофунгицидтерімен өңделді. Аквагельдің әсері бақылау нұсқасымен салыстырмалы түрде жүргізілді. Егіс толық піскенде екі нұсқадан да өсімдіктер алынып, биометриялық талдаулар жасалады.
Күздік бидай жиналып болысымен екінші дақыл ретінде кәдімгі тары, қант құмайы немесе сүрлемдік жүгері дақылдары егіледі.

?ЖОБАНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ

Қалыптасқан технологиямен күздік бидайды өсіргенде гектарына 117 250 теңге қаржы жұмсалды, ал өнімділік 15,0 центнерді алу жоспарлануда. Ал аквагелді қолданғанда гектарына 130 137 теңге жаратылды, тиісінше өнім 25,0 центнер болса, қалыптасқан технология бойынша өсірген күздік бидай егісінен гектарына 12375 теңге шығын келсе, аквагель қолдану нәтижесінде 44 662 теңге таза пайда келу керек.