пн, 05/30/2022 - 11:00
Новости

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ  ұжымы биология ғылымдарының докторы, биология профессоры, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Қарабаев Мұратбек Қарабайұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Мұратбек Қарабайұлы биотехнология, өсімдіктердің физиологиясы және биохимиясы, ресурстарды үнемдейтін егіншілік (Conservation Agriculture) саласының білікті маманы, таным көкжиегі кең ғалым еді. Егемендікті енді ғана алған сындарлы жылдарда еліміздегі ғылымды ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсті.

Атап айтқанда молекулярлық биология және биохимия институтында республикадағы алғашқы өсімдік жасушасын жасау зертханасын ұйымдастырды. Онда биотехнологиялық зерттеулердің ең күрделі объектілері болып келген және әлі де болып қала беретін аса маңызды азық-түлік дақылдары – бидай мен жүгерінің биотехнологиясымен айналысты. Қысқа мерзімде астық тұқымдас өсімдіктердің жасушалық биотехнологиясы бойынша әлемдік деңгейдегі зерттеулерді жасады. Сөйтіп дүние жүзінде алғашқылардың бірі болып бидай жасушасында бөгде өсімдік дақылын біріктіру, ғылым тілімен айтқанда регенерациялауды, бидай жасушаларын суспензиялық өсіру арқылы жасуша селекциясын ойлап тапты. Бұдан бөлек биотехнологиялық әдістер негізінде бидайдың асыл тұқымды бағалы сұрыптары жасалды. Бидай мен жүгері биотехнологиясы бойынша М.Қарабайұлы мен оның әріптестері жүргізген бұл жұмыстар әлемдік деңгейдегі жетістік деп танылды.

М.Қарабайұлы бидай мен жүгеріні жақсарту жөніндегі халықаралық орталықтың (CIMMYT Int., Mexico; CIMMYT, Mexico) Қазақстандағы аймақтық кеңсесінің басшысы бола отырып, халықаралық байланыстар мен елдің беделін нығайта білді. Өйткені ғалымның ауыл шаруашылығы саласында жасаған ғылыми зерттеу жұмыстарының барлығы дерлік әлемдік деңгейде құнды еді. Бір ғана ылғалды үнемдеу технологиясы диқандардың табысын еселеп, жер жаһандағы аштық қауіпі төнген елдерді құтқарғаны халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған.

 Өзі өмірден өткені­мен, жарқын жүзі санамызда мәң сақталмақ. Халқымызда «Жақсының аты, ғалым­ның хаты» өлмейді деген қанатты сөз бар. Академик М.Қарабаевтың артына қал­дырған ұстаздық ұлағаты мен мол ғы­лыми мұралары – осының айқын дәлелі. Оның ғылым жолындағы төккен тері мен атқар­ған ерен еңбегі, ізденісте болған биолог ғалымдар мен шәкірттеріне шашқан шуағы ешқашан ұмытылмайды.