Жм, 09/11/2020 - 09:07
Жаңалықтар

Отырар ауданында соңғы жылдары топырақтың құнарлылығын арттыру, өнімділікті еселеу және тұзданған топырақты мүмкіндігінше сауықтыру арқылы қайта айналымға қосу жұмыстары мықтап қолға алынуда. Нәтижесінде биыл игерілетін егістік жер көлемі біршама ұлғайып, 33 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылық дақылдары егілген. Ал кезінде жүгері өсірумен аты шыққан аймақ соңғы жылдары нақ осы дақыл түрін молайту, қайта өңдеу жұмыстарына да басымдық беруде. Осыған сәйкес тек биылғы жылдың өзінде Отырар ауданындағы жүгері алқаптарының көлемі 11 мың гектарға жетіп отыр.

1

Осы орайда тұзданған жерлерден де ғылыми негізде сапалы өнім алу ісі жолға қойылып келеді. Бұл бағытта 2013 жылдан бері Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жасап жатқан ауданда биыл 90-ға тарта шаруа қожалығы ғылыми негізде жүгері өсіру ісін қолға алған. Ол үшін институт ғалымдары сортаң жерден мол өнім алу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп шаруалармен бірлесе жұмыс жасауда. Нәтижесінде бұған дейін жүгері дақылының әр гектарынан орта есеппен 80 тоннадан өнім алып келген диқандар егістікті ғылыми әдіспен ұштастыру негізінде бір гектардан 120 тоннаға дейін өнім жинауда.

2

   Яғни, бұл жүйе жүгерінің түсімділігін 30-40 пайызға арттырып сапасын да жақсарта түсуде. Ең бастысы ғылыми негіздегі егістіктің шығыны да көп емес. Сондықтан аталмыш әдісті жүгері шаруашылығына кеңінен ендіру бағытында Талапты ауылында семинар ұйымдастырылды. Оған институт ғалымдары мен аудан басшылары, сонымен бірге жергілікті шаруа қожалық төрағалары және де ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері қатысты. Семинар барысында сортаң жерден ғылыми негізде мол өнім алудың тиімді тетіктері жан-жақты түсіндірілді.

Ақпарат көзі: https://aigak.kz/2020/09/10/zhger-daln-lmi-negzde-srud-timdlg-mol/