Сс, 01/05/2021 - 15:23
Жаңалықтар

Сенаторлар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болды

2021 жылдың 5 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары – ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нүкетаева Динар Жүсіпәліқызы, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлы, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенбинов Сұлтан Мырзабекұлы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне жұмыс сапарымен келіп, оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысып, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-өндірістік орталықтардың басшыларымен, оқытушы-ғалымдармен кездесті. Кездесуде университетте атқарылып отырған ауықымды жұмыстар барысы баяндалып, аграрлық салада қордаланып қалған мәселелер талқыланды.

2

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ел экономикасын дамытудың басым бағыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саланы дамытуға жаңа және сындарлы көзқарас қажет екенін атап өткен болатын. Ол үшін отындық агроөнеркәсіптік кешенінің кейбір проблемаларын шешу қажет, мысалы:

- жер және су ресурстарын ұтымсыз пайдалану;

- әлсіз техникалық жарақтандыру;

- ұсақ тауарлы емес шаруашылықтар санының көп болуы;

- ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мен қайта өңдеу үлесінің төмендігі;

- саланың төмен инвестициялық тартымдылығы;

- ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз деңгейі және т.б.

Жоғарыда аталған міндеттерді шешу аграрлық ғылым, білім және өндірістің тығыз интеграциясымен мүмкін болады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан төмендегідей шаралар қабылдануда:

- аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемін ұлғайту. Соңғы 2-3 жылда олар 3 еседен көбейді;

-ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған тауар өндірушілердің шығындарын субсидиялау.

Қазақстанның аграрлық ғылымын 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде пәнаралық және іргелі-қолданбалы тәсіл негізінде АӨК-нің 10 басым бағыты бойынша зерттеулер жүргізу жоспарланған.

Сенаторлар Мемлекет басшысы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту мәселелерін мамандармен бірге талқылап, түйінді мәселелердің тиімді шешу  жолдарын саралады.

Жұмыс сапары аясында Сенаторлар Вагенинген университетімен (Нидерланды) жұмыс жөніндегі институттың және Францияның Монпелье университетімен бірлескен Сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханасының ашылу рәсіміне қатысты.

Қазіргі уақытта Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі институтта «Ветеринариялық-тағам қауіпсіздігі және технологиясы» және «Өсімдіктер мен технологиялар туралы ғылым» бағдарламалары бойынша 100 маман даярлануда.

Референттік зертхана сүт және сүт өнімдерінің сапасын талдаумен айналысады, онда ауыл кәсіпкерлері өндірген өнімдерінің сапасы бойынша сертификат ала алады.

Депутаттар сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешініндегі үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеуді іске асыратын Халықаралық Агротехнологиялық Хаб жұмысымен танысты. Оның құрамында – 7 ҒЗИ, 49 зерттеу зертханасы, АҚШ, Нидерланды, Италия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай, Ресей, Беларусь және т. б. ғылыми орталықтармен ынтымақтасатын әлемдік деңгейдегі 18 халықаралық зерттеу орталығы бар.

ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы өз сөзінде: «–Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті аграрлық білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, жаңа белеске көтеріліп, инновациялық бағытта дамып келеді. Өткен жылы бұл жоғары оқу орны өзінің 90 жылдық мерейтойын үлкен табыспен атап өтті. Халықаралық және ұлттық рейтингтерде лайықты орын алатын университет Қазақстанда және ТМД елдеріне кеңінен танымал, ұжымның ендігі мақсаты –  әлемдік білім беру кеңістігінде өз орнын айқындап, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына айналу. Оқу орнында ашылған жаңа инновациялық орталықтар мен зертханалар бәсекеге қабілетті, сапалы мамандарды даярлауға және аграрлық нарықта сұранысқа ие ғылыми жобаларды тиімді орындауға мүмкіндік береді. Біз өз тарапымыздан аграрлық ғылымның тиімділігін арттыруға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз» – деп атап өтті.

3