Сс, 12/20/2022 - 09:50
Жаңалықтар

2022 жылғы 19 желтоқсанда ҚазҰАЗУ базасында Халықаралық педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, еңбек ардагері, белгілі профессор Шаншар Нұртаев атындағы оқу зертханасының ашылу салтанаты өтті.

Шаншар Нұртаев 1942 жылы 22 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Ақтөбе колхозында дүниеге келген. Мектепті күміс медальмен бітіріп, 1960-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру факультетінде оқыды. Үздік диплом алған жас маман "Мал фермаларын механикаландыру" кафедрасына қызметке қалдырылды. Содан кейін Ленинград ауылшаруашылық институтының аспирантурасында оқуын сәтті жалғастыра отырып, әлемге әйгілі Ресейлік академик, техника ғылымдарының докторы С.В. Мельниковтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.

Содан бері Шаншар Нұртайұлы ұзақ жылдар бойы ҚазҰАЗУ қабырғасында оқу-ғылыми және тәрбие қызметінде жүріп, отандық ғылым мен білімнің дамуына тынымсыз ықпал етіп келеді. Ол қатардағы ассистенттен профессорға дейінгі баспалдақтардан өтіп, факультет деканы, кафедра меңгерушісі болып жемісті қызметтер атқарды. Мал шаруашылығы саласында инновациялық технологиялар мен техникалық құралдарды әзірлеу және олардың нәтижелерін өндіріске енгізу бойынша тиімді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығында ірі қара мал мен сауын сиырларға жем дайындау бойынша арнайы цех әзірлеп, пайдалануға беруге жетекшілік жасады. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ҒЗИ ғалымдарымен бірлесіп, Алматы облысының "Жаңалық" қой шаруашылығында озық технология негізінде жабдықтар кешен тұрғызып, өндіріске енгізді.

Профессор Шаншар Нұртаев 500-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы, оның ішінде 20 оқулық, 30 оқу құралы, 37 өнертабыстар мен патенттік куәліктердің авторы. Оның тікелей басшылығымен 20 ғылым кандидаты, 30-дан астам магистрант, 4 ғылым докторы диссертация қорғады.

Отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін "ҚР Білім беру ісінің үздігі", 2010 жылдың үздік педагогы, "ҚР Ұлттық Ғылым академиясының еңбек сіңірген ардагері", "ҚазҰАЗУ еңбек сіңірген ардагері" атағына ие болды, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталып, ОҚО Шардара ауданының Құрметті азаматы атанды.

Жаңа оқу зертханасының ашылуына ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасының – ректордың орынбасары Прімқұл Ибрагимов, "IT-технологиялар, агроөнеркәсіптік кешенді автоматтандыру және механикаландыру" факультетінің деканы Нұрлан Әбділдин, "Аграрлық техника және технология" кафедрасының меңгерушісі Аманжол Тоқмолдаев, ғалым әріптестер, қызметкерлер мен білім алушылар қатысты.

Айта кету керек, жаңа ашылған оқу зертханасы бүгінде студенттер мен магистранттарды инновациялық технологиялар мен техникалық құралдарды заманауи деңгейде жобалауға баулып, сондай-ақ нақты өндірістерді жобалауға үйретуде ерекше орын алады.

"Құрметті Шаншар Нұртайұлы, ҚазҰАЗУ ұжымы атынан Сізге осы зертханада оқытушылардың қызметін жаңаша іске асыру мақсатында қажетті арнайы компьютерлік бағдарламалармен, жүйелермен және техникалық оқыту құралдарымен қамтамасыз етуге қосқан үлесіңіз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Өзіңізбен көп жылдар әріптес бола отырып, жоғары білікті маман, көрнекті ғалым ретінде бұдан былай да еліміздің аграрлық секторы мен туған университетіңіздің ғылыми-зерттеу қызметін одан ары дамытуға бар күш-жігеріңізді арнайтыныңызға сенеміз!", - деп ЖОО басшылығы мен танымал ғалымдар жылы лебіз білдірді.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.

ашылды