Сс, 11/12/2019 - 19:16
Жаңалықтар

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аграрлық ғылым, білім беру мен ауыл шаруашылығы өндірісінің өзара қарым-қатынасының мәселелері және шешу жолдарына арналған баспасөз конференциясы өтті.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда ауыл шаруашылығы бейіні маман-түлектерінің тізімін кеңейту бөлігінде «Білім туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес аграрлық сала бойынша грантпен оқитын түлектер бұдан былайғы уақытта меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерлерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс және жұмыс істеу өңірін анықтау бойынша шектеулерді жою қарастырылған.

Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуды тәмамдаған ауыл тұрғындары қатарындағы азаматтарға квотамен жұмысқа орналасуға және өңірлерді АӨК кәсіби кадрларымен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгінгі еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленді. Аталған мәселе осы жобада да қарастырылмақ.

«Қай заманда да кез келген саланың немесе мемлекеттің дамытушы күші ғылым екені баршаға мәлім. Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге алып шыға алатын жалғыз бағыт бар. Бұл – аграрлық ғылымның дамуына жол ашу. Аграрлық саладағы білім мен ғылымның және өндірістің басын қосып, агросектордың қарқынды дамуы үшін қызмет ету – Аграрлық орталықтың басты мақсаты. Бұл экономиканың жаңа секторына айналуы керек», - деді спикер.

Аграрлық ғылыми-білім беру орталығы тобының материалдық-техникалық базасы 280 мың гектар болатын жер учаскесін, аумағы 1 400 мың шаршы метр ғимараттар мен құрылыстарды қамтиды. 5 мың ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік, 7 мыңнан астам зертханалық жабдықтары бар.

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының  қыз­меті ғылымды, білімді және өндірісті біріктіруге бағыт­талған. Қазақстан органикалық өнім өндіру және экспорттау бойынша әлемде жетекші болудың үлкен әлеуетіне ие. Орталық, міне, осы әлеуетті ашу мақсатында жұмыс істеуде.

Сондай-ақ басқарма төрағасы ауыл шаруашылығы мамандығында оқитын жастардың оқулығы 70-80% мемлекеттік тілде дайындалатынын айтты. «Мен 1986 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірдім. Ол кезде бір топта 25 студент болса, жартысы ағылшын тілінде, жартысы қазақ тілінде оқитын, ал жалпы лекциялар орыс тілінде өтетін. Қазіргі уақытта дәрістер 70-80% ана тілімізде өтеді», дейді ол.

Ақпарат көзі: egemen.kz