Сс, 01/21/2020 - 10:45
Жаңалықтар

ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров бастаған қазақстандық делегация Берлинде өткен «Жасыл апта 2020» (International Green Week 2020) халықаралық азық-түлік көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.
 

Делегация құрамына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары әкімдіктерінің өкілдері кірді.
 

Іс-сапар аясында А.Сапаров Германияның Федералдық Азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттік статс-хатшысы М. Штюбгенмен, ГФР Ауыл шаруашылығы министрлігінің (BMEL) өкілдерімен, Эстония, Румыния және Монғолия ауыл шаруашылығы министрлерімен, Германия фермерлері қауымдастығының басшысымен, сондай-ақ CLAAS компаниясы және «Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалог» екі жақты кооперациялық жобасының жаңа құрамымен кездесулер өткізді.
 

М. Штюбгенмен кездесу барысында екі ел арасындағы сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытындағы ынтымақтастықты арттыру және Қазақстанға инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту мәселелері қозғалды.
 

«Біз неміс компанияларымен, олардың ішіндегі біз үшін негізгі серіктес болып отырған CLAAS компаниясы өкілдерімен бірқатар кездесулер өткіздік. Қазір Қазақстанда Германиямен бірлескен кәсіпорын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жеделдету қажет. Неміс концернінің өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша, аталмыш компания өкілдерінің Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін Премьер-Министрдің орынбасарымен кездесу өткізетіні туралы келістік», - деді Айдарбек Сапаров.
 

А.Сапаровтың айтуынша, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге Германиядағы сүтті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесі, фермаларды басқарудағы менеджмент, заманауи кешенді жүйелерді пайдалану және т. б. салаларда тәжірибе алмасу пайдалы болады.
 

Сондай-ақ, ол ГФР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерімен кездесуінің қорытындысы бойынша, Германиядағы соңғы заманауи технологиялар мен роботтар енгізілген шаруа қожалықтарына және сауу қондырғыларын шығаратын зауыттарға барып көру арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігіне қол жеткізгендігі туралы айтты.
 

Халықаралық көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта келе, Айдарбек Сейпелұлы келесі жылы Қазақстан көрме аясында өз павильонын ұсынып, үздік қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін көрсету жоспарланып отырғанын жеткізді.
 

Өз кезегінде, Германияның Федералдық Азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттік статс-хатшысы М. Штюбген Қазақстандық тарапқа көрмеге қатысуға шақыруды қабыл алғаны үшін алғысын білдірді.
 

«Өткен жылдың желтоқсан айында министр Сапархан Омаровпен кездестік. Бізде толық өзара түсіністік пайда болды. Қазір осы бағыттағы бастаған жұмысты тиімді жалғастыру маңызды. Біздің министрлік барлық сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызға әрқашан жауап беруге дайын», - деді М. Штюбген.
 

«International Green Week 2020» азық-түлік өнеркәсібі, бағбандық, ауыл және орман шаруашылығының халықаралық сауда көрмесі биыл 85-ші рет өткізілуде. Осы жылғы көрмеге 72 ел мен 11 халықаралық ұйым қатысты.

Источник: https://moa.gov.kz/post/675