Сн, 09/26/2020 - 13:26
Жаңалықтар

2020 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Есполов Тілектес Исабайұлы халыққа online есеп беру кездесуін өткізді.

Ректор университеттің 2019-2020 оқу жылдарына шолу жасап, ғылыми-инновациялық, қаржылық-шаруашылық, әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөнінде есебін баяндап, оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде ары қарай стратегиялық дамыту бағыттарын атап өтті.

Оқу орны басшысы Үкімет Қаулысымен университетке ұлттық зерттеу мәртебесінің берілуі – ұжымның жетістігі және отандық аграрлық білім мен ғылымға жүктелген үлкен жауапкершілік деп атап өтті. Есептік баяндама барысында Ректор төмендегі мәселелерге ерекше тоқталды:

« – Әлем тәжірибесінде зерттеу университетін құрудың үш жолы қарастырылған. Бірінші – озық университеттерді қолдау, екінші – бір бағыттағы бірнеше белді университеттерді қосып, ірілендіру, үшінші – әлем талаптарына сай жаңа инновациялық университет құру. Біздің университет бірінші жолды ұстанады. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеті үшінші жолмен құрылған.

Зерттеу университеттерінің табысты дамуының негізгі үш факторы бар: талантты ғалымдарды тарту, қажетті ресурстарды шоғырландыру және тиімді менеджментті қолдану. Осы мақсатта 2010 жылдан бастап, біз жобалық басқарудың халықаралық стандарттарын пайдалана отырып, жетекші шетелдік ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының 15 сарапшыларымен бірлесіп Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануды жүргіздік.

Инновациялық технологияларды, жаңа білім мен ғылымды тарту және бейімдеу – зерттеу университеттерінің басты бағыты. Мысалы, QS әлемдік рейтингінде №1 орын алатын Вагенинген (Нидерланды) зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алдық.

2019 жылы университет жанынан «Вагенинген-Қазақстан» институтын аштық. Бүгінгі біз 100 білімгерлерді екі білім беру бағдарламасы негізінде – «Өсімдіктер туралы ғылым мен технологиялар», «Ветеринариялық тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және технологиялары» бойынша оқытудамыз.  

Университет АҚШ, Еуропа және Тынық мұхиты елдерінің жетекші серіктес университеттерімен 11 қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыруда. Қажетті ресурстарды университетте шоғырландыру мақсатында мамандандырылған кафедралардың жанында 49 заманауи зертханалар ашылды. Сонымен қатар университетте нақты жобаларға негізделген 18 халықаралық зерттеу орталықтары жұмыс жасайды. Мысалы, АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігімен (USDA) бірлесіп, халықаралық Агротехнологиялық хаб аштық. Азия Даму Банкінің және Мичиган университетінің қолдауымен халықаралық ииновациялық Су хабын құрдық. Австралияның Вакцин биотехнологиялық компаниясының қолдауымен және АҚШ-тың Огайо штатының университетімен бірлесіп Халықаралық Вакцинологиялық зерттеу орталығын аштық. Сонымен қатар университеттегі Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Қазақстан-Беларус тағы да басқа орталықтарда ғылыми бағытта тиімді жұмыстар атқарылуда.

Университетте тиімді менеджментті қолдану мақсатында басқарудың корпоративтік моделі енгізілді: адамдар-процестер-технологиялар. Персонал қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталған кадр саясаты (KPI) үнемі жетілдіріліп отырады. Адам ресурстарын дамыту басқармасы (HR) құрылды.

Университетіміздің зерттеу мәртебесінде ары қарай дамуы 2021-2024 жылғы Ауыл шаруашылығы министрлігінің даму бағдарламасына енгізілді.

2019 жылдың нәтижесі бойынша университет ғалымдары 800-ден астам ғылыми мақалалар шығарып, Томсон Ройтерс және Скопус базасына енді. Университет  Веб оф Саинс қортындысы бойынша ТМД елдерінің арасында Ғылым Көшбасышысы.

Университет 2019 жылы QS әлемдік үздік жоғары оқу орындары рейтингінде 60 сатыға көтеріліп, 591 орынға ие болды. Алдағы мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университетке айналу.»

Оnline есеп беру кездесуінде ҚР Ауыл шауашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушев, ҚР Жоғары оқу орындарын Кеңесінің төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік унитверситетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ТМД жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесі төрағасының орынбасары, Ресей мемлекеттік жерге орналастыру университетінің ректоры Сергей Волков, ҚР Жобалық менеджерлер одағының президенті Алексей Цеховой, Алматы қаласы, Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев сынды азаматтар тікелей байланысқа қосылып, оқу орнында атқарылып отырған ауқымды жұмыстарға оң баға беріп,  ҚазҰАУ-дың зерттеу университеті мәртебесін алуымен құттықтады.

Есеп беру кездесуінде белгілі ғалымдар, «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы», республикамыздағы жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, агроқұрылымдар мен шаруашылық жетекшілері, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың мамандары, Қазақстандағы шетелдік Консулдық қызметкерлері, «Жас отан» жастар қанаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институты өкілдері, Алматы қаласы Медеу ауданының тұрғындары, білім алушы жастар мен ата-аналар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері оnline байланысқа қосылып, өз сұрақтарын қойды. Әр сұраққа университет басшысы тұшымды жауаптарын берді.