Бс, 11/14/2019 - 21:13
Жаңалықтар

Макарон өнімдерін аудандағы дүкендер, шаруа қожалықтары мен мектептер сатып алады.

foto

Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ежелден егін шаруашылығы дамыған ауданның бірінен саналады. Алқаптардағы астықты игеру, өңдеу мәселелері де ауданда жақсы жолға қойылған. Бұл аудандағы астықты өңдеумен шұғылданатын кәсіпорынның бірі - 20 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Красный Яр» ЖШС.

Серіктестік басшысы Николай Прыговтың айтуынша, кәсіпорын бірінші және жоғары сортты ұн шығарады.

«Глубокое ауданын ұнмен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Көрші Шемонаиха ауданының кейбір ауылдары бізден ұн алып тұрады. Ұнның белгілі бір бөлігін Өскемендегі Нан зауытына жібереміз. Күніне 5 тонна ұнды өңдейміз. Оның 3 тоннасы - 1 сортқалғаны - жоғары сортты. Біздің кәсіпорын аудандағы әлеуметтік бағдарламаларға белсенді қатысады. Аудан әкімдігінің бастамасымен тұрақтандыру қоры құрылған. Ауданның шаруа қожалықтары бізге бидай әкеледі. Тұрақтандыру қорының өнімдері біздің қоймаларда сақталады. Біздегі ұнның бағасы қаладан 2 теңгеге төмен. Көп балалы, жалғыз басты аналар, мүгедек, зейнеткер, жағдайы төмен адамдарға қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз» дейді Н.Прыгов.

foto

Аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Е.Қапатаевтың сөзіне сенсек, тұрақтандыру қоры 1 сортты ұн бағасын өсірмеу, қалыпты ұстау мақсатында құрылыпты.

«Бағдарламаның операторы «Красный Яр» ЖШС-іне бидай өткізетін 42 шаруашылық анықталған. Бірінші сортты ұн дайындауға арналған бидай көлемі – 1100 тонна. Осы ұн негізінде 1 сортты нан әзірленеді. Қазіргі уақытта бағдарлама операторына 9 шаруа қожалығы 350 тонна көлемінде 3,4 класты бидайды өткізді» дейді ол.   

Кәсіпорында тұрғындарға арналған кішкене мөшектегі 5 және 10 келілік ұннан бөлек макарон да шығарылады екен.

«Макарон өнімдерін аудандағы дүкендер, шаруа қожалықтары мен мектептер сатып алады. Өскемендегі «Арзан» секілді ірі сауда дүкендерінде де сатылады. Халық арасында сұраныс жоғары. Жәрмеңкеге де шығарамыз. Тұрғындар осы жерге өздері келіп сатып алады. Макаронның 2 келілігі де, 5 келілігі де бар. Бағасы қолжетімді» деген Николай Прыгов алдағы уақытта кәсіпорынның және аудандағы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдерін сатылымға шығару үшін дүкен ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді

Шығыс Қазақстан облысы

Глубокое ауданы

Предгорное ауылы

Ақпарат көзі: egemen.kz